РФ-дағы колонияларда үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр
Ресейде қылмыс жасады деп күдікке ілініп, абақтыда отырған адамдар Украинадағы соғысқа шақырыла бастады, деп хабарлайды DW.
«Русь сидящей» қорының негізін қалаушы Ольга Романованың айтуынша, тергеу изоляторындағы күдіктілер мен айыпталушылар Украинадағы соғысқа баруға келіссе, олардың қылмыстық ісі тоқтатылып жатыр.
Енді тергеу изоляторында отырған адамдар шақырыла бастады. Олар сотталмаған. Бірақ күдіктілер және айыпталушылар болып саналады. Қылмыстық істер тоқтатыла тұрады. Осында контузия алған бір адам келді. Ол бірден қамауға алынды. Ол РФ Қылмыстық кодескінің 158-бабы 3-тармағы («Ұрлық») бойынша айыпталған. Оған ауыр жаза қарастырылмаған. Мәскеу облысына қатысты мәліметтер бар: Серпухов, Коломнадағы тергеу изоляторлары және тағы басқа. Менің ойымша, барлық жерде басталған сияқты, - деп жазды құқық қорғаушы.
DW басылымына мұндай деректердің барын «Осторожно новости», Gulagu.net құқық қорғау жобасының негізін қалаушы Владимир Осечкин растады. Оның айтуынша, аталған жобаның сенім телефонына адамдар хабарласып, Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары, Мәскеу облысы, Рязань, Тверь және Брянскіде осындай жағдай болып жатқанын жеткізген.
Биыл шілденің басында БАҚ-та «ЧВК Вагнер» әскери компаниясы Ресейдегі колониялардағы тұтқындарды жалдайтыны туралы ақпарат жариялана бастаған еді.
«Верстка» басылымы мен «Русь сидящий» қорының есебінше, тамыздың ортасында ЧВК өкілдері Ресей Федерациясының 13 аймағындағы 21 колонияға барған.
Ольга Романова колониядағы тұтқындар арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін кәсіпкер Евгений Пригожин де барғанын атап өтті. Бизнесменнің «ЧВК Вагнер» компаниясымен байланысы бар.
Айта кетейік, осыған дейін Украинада Ресей жағында соғысып жатқан әскери күштер арасына жік түскені хабарланған еді.