Halyq Uni логотип
×

«Жұртпен бірге кезекте тұрдым». Министр ұлының мектеп формасына қанша жұмсағанын айтты

Министрдің мектеп жасындағы бір баласы бар

 Дәурен Ерболат 16.08.2022 | 12:01
«Жұртпен бірге кезекте тұрдым». Министр ұлының мектеп формасына қанша жұмсағанын айтты
фото: Үкімет

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ұлына мектеп формасын сатып алуға қанша теңге жұмсағанын айтты. Министрдің айтуынша, оның мектеп жасындағы бір баласы бар.

Осы демалыста баламды ертіп дүкенге бардым. Ол жерде бірнеше ақ жейде, шалбар, костюм, галстук алдық. Бағасына келсек, 35 мыңға жуық теңге кетті. Киімді GLASMAN дүкеніне барып, жұртпен бірге кезекке тұрып, 36-өлшемді киім алып қайттық. Барлық отбасы секілді біз де мектепке дайындықты бастадық, - деді Аймағамбетов Үкімет отырысынан шыққан соң.

Министр осы мәлімдемесінен кейін ұлының мектеп формасына қанша жұмсағанын дәлелмен (түбіртек) көрсетті. Оның жазуынша, мектеп формасын алуға 36 000 теңге жұмсаған. Одан бөлек келесі түбіртекте портплед бағасы 20 000 деп көрсетілген. Өзі жариялаған түбіртекте жалпы сомасы 56 000 теңгедей жұмсаған.

Еске салайық, бұған дейін Halyq Uni тілшісі көпбалалы анамен бірге елорда базарларының біріне барып, бір баланы мектепте дайындау үшін қанша қаражат жұмсалатынын біліп қайтты.

Мәселен, аяқ киім бағасы 8-10 мың теңге, жейде 5 мың теңгеден, шалбар мен белдемше 6 мың теңгеден басталады. Спорт киімі орта есеппен – 8-12 мың теңге, спорт аяқ киімі – 8-10 мың теңге.

Кеңсе заттарына келсек, бір балаға шамамен 15 500 теңге жұмсайды. Ал сөмке құны – 5-12 мың теңге. Есептеп қарасақ, бір баланы мектепке дайындау үшін орта есеппен 95 000 теңге қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама