×

Мектеп формасы: көпбалалы ана мемлекет көмегіне ілікпей қалған

Сатушылардың айтуынша, тауардың 90%-ға жуығы Қырғызстан және Өзбекстаннан келеді

 Наима Нұрәлі 12.08.2022 | 17:40

Елорда тұрғыны Күлсімқан Халық 6 баланы жалғыз асырап отыр. Астанаға бір жыл бұрын көшіп келген әйел қазір тек жәрдемақыға күн көріп отыр. Айтуынша, алатын 90 мың теңге ештеңеге жетпейді. Әйелдің 4 баласы мектепке барады. Оларға мектеп формасы мен оқу құралдарын алу қажет.

Көпбалалы ана Halyq Uni тілшісімен бірге елорда базарларының біріне барып, бір балаға қанша қаражат жұмсалатынын білді.

«Шанхай» базарында баға шарықтап тұр. Сатушылардың айтуынша, былтырмен салыстырғанда биыл балалар аяқ киімі 50%-ға қымбаттаса, киім-кешек бағасына 30-40% қосылған. Сонымен қатар оқу құралдарын алу қажет, оның бағасын көпбалалы ананың қалтасы көтермейді.

Мәселен, аяқ киім бағасы 8-10 мың теңге, жейде 5 мың теңгеден, шалбар мен белдемше 6 мың теңгеден басталады. Спорт киімі орта есеппен – 8-12 мың теңге, спорт аяқ киімі – 8-10 мың теңге.

Кеңсе заттарына келсек, бір балаға шамамен 15 500 теңге жұмсайды. Ал сөмке құны – 5-12 мың теңге. Есептеп қарасақ, бір баланы мектепке дайындау үшін орта есеппен 95 000 теңге қажет.

Сатушылардың айтуынша, тауардың 90%-ға жуығы Қырғызстан және Өзбекстаннан келеді.

Айта кетейік, биыл көмекке мұқтаж отбасыларға баласын мектепке даярлау үшін 37 389 теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл көмек аясында 418 мыңнан астам баланы қамту көзделген. Алайда мемлекеттен берілетін 40 мың теңгеге жуық қаражат жеткіліксіз екенін аңғаруға болады.

Бір баланы мектепке дайындау кемі 100 мың теңге шамасында, мемлекет беретін 40 мың теңге екі-үш киімінен артылмайды. Оның өзінде 6 балалы Күлсімқан мұндай көмекке ілікпей қалған. Себебі құжаттарын өткізіп үлгермеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама