×

Бюджеттен 10 млрд теңге бөлінген қалада шешілмеген мәселе көп – вице-министр

Құлсарыда еңбек нарығында және ШОБ дамуында теріс үрдістер байқалып отыр

 Халық үні 15.08.2022 | 14:00
Фото: gov.kz

Атырау облысына жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков «Ауыл-Ел бесігі» жобасы іске асырылып жатқан елді мекендерге барып, Құлсары қаласын дамыту мәселелері жөніндегі жиынға қатысты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы 10 жылда Құлсары қаласының инфрақұрылымын дамытуға шамамен 10 млрд теңге бөлінді. Алайда ол қаладағы бірқатар проблемалардың шешілмегеніне назар аударды.

Олардың арасында су мен жолдар мәселелері бар. Жалпы, қала инфрақұрылымын жақсартуға жеткілікті қаражат бөлініп жатыр. Бұл қаланың ең өткір проблемаларын шешуге мүмкіндік берді, – деді Бауыржан Омарбеков.

Сонымен қатар, вице-министр қалада еңбек нарығындағы және ШОБ дамуындағы теріс үрдістерді, жұмыспен қамтылғандар санының, сондай-ақ құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуін атап өтті.

Өз кезегінде Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов қалада емханалар, балабақшалар, мектептер, тұрғын үйлер, су құбырлары мен жолдар салу бойынша жобаларды іске асыру жоспарланғаны туралы баяндады.

Сондай-ақ, вице-министр Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыруға арналған кеңеске қатысты. Нәтижесінде жергілікті билік органдарына 2022 жылға жоспарланған іс-шараларды сапалы орындау бойынша ұсыныстар берілді.

Кейін вице-министр «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында орналасқан газ-химия кешені құрылысының барысымен танысты. Жыл сайын мұнда 500 мың тоннаға дейін өнім шығару жоспарланып отыр. Құрылған сәттен бастап арнайы экономикалық аймаққа 1,1 трлн. теңге көлемінде инвестициялар тартылып, мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Жұмыс сапары барысында Бауыржан Омарбеков Атырау облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, биыл Атырау облысының 30 ауылында 41 жобаны іске асыруға 11,2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама