×

Ресеймен арадағы есірткі арнасы жойылды

Бұл канал арқылы Семей мен Өскеменге есірткі жеткізіліп отырған

 Халық үні 04.02.2022 | 16:30

Шығыс Қазақстанда арнайы операция өтті. Жақын шетелден есірткі тасымалдаумен айналысқан ірі арна жойылды. 

Шығыс Қазақстан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Семей мен Өскеменге синтетикалық есірткінің ірі партияларын жеткізіп отырған адамдарды ұстады. Осы жылғы қаңтарда полицейлердің назарына облыстың екі тұрғыны түсті. Олар синтетикалық есірткі алып жүрген. Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде 24 және 28 жастағы екі ер адам Семейде құрықталды.

Тінту кезінде олардан жалпы салмағы 1,5 келіден асатын синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл 5 мың бір реттік дозаға тең. Алдын ала бағалау бойынша, қара нарықта тәркіленген есірткі құны шамамен 30 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар, жалға алған пәтерлерден олардың қылмыстарын растайтын басқа да дәлелдер, соның ішінде есірткіні өлшеп-орауға және өлшеуге арналған заттар табылды.

Тергеу мәліметі бойынша, есірткі елімізге Ресейден әртүрлі логистикалық көлік компаниясы арқылы жөнелтіліп отырған. Олар автобөлшектерге жасырып жеткізілген.

Күдіктілердің әрекеттері қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша сараланады. Оның санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып, есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар өзге де адамдар анықталып жатыр, – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама