×

«Mudarabah» қаржы пирамидасы «Халал» құжатын алғысы келген

Оқиға ұйымға қылмыстық іс қозғалғанға дейін болған

 Дастан Жұмабекұлы 11.08.2022 | 13:22

Атышулы «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасы мүфтияттан «Халал» сертификатын сұрап келген.

Бұл туралы «Сұрауы бар» YouTube арнасы ұйымдастырған подкаста белгілі болды. Оқиға ұйымның қаржы пирамидасы деп танылып, қылмыстық іс қозғалғанға дейін болған.

«Мен пәтуа бөлімінде істеген кезде осындай мударабамен айналысып жатырмыз. Соған бір сертификат беріңіздер деген өтінішпен келген кісілер болды. Мақсаты – адамдарды жинау. Ол жерде тіпті кіші қажылыққа жолдамалар береміз деген жарнамалары болды. Біз Исламда мудараба деп аталатын қаржылық инструменттің шарттарын көрсетіп, олардың қызметтері шариғаттың талаптарына сай келмейтіндерін айттық», –  дейді ҚМДБ бөлім меңгерушісі Хасан Аманқұлов.

Дін өкілі өтінішпен келгендердің аты-жөндерін атамауды жөн көрді.

Журналист Азамат Алдоңғардың «Сіздер халыққа ескерту жасадыңыздар ма? «Mudarabah Capital» деген ұйым келді. Олардың қызметі адал емес, шариғатқа қайшы десеңіздер алданудың алдын алуға болар еді ғой?» – деген сұрағына мүфтият өкілі: «Жоқ олар хатпен келген. Біз хатпен ресми түрде жауап бердік. Басқа мекемелерге айтып, жариялаған жоқпыз», – деп жауап қайтарды.

«Mudarabah Capital» қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен елге танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынды. Күдіктілер тізімінде 14 бас аяғы адам бар. Қаржы ұйымы 160 адамнан түскен 2 млрд теңгеден астам ақшаны басқа шотқа аударып алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама