×

Киім-кешек, қағаз-қалам түгел қымбаттаған: көпбалалы аналар шарасыз күйде отыр

Кеңсе тауарларының құны былтырғымен салыстырғанда 12,3 пайызға қымбаттаған.

 Халық үні 09.08.2022 | 20:33
ашық дереккөзден

Жаңа оқу жылына оқушылардың бәрі бірдей дайын емес. Киім-кешек, қағаз-қалам түгел қымбаттаған. Мәселен, дәптер, қалам, түрлі түсті қарындаш, альбом, А4 қағазының құны 12,3 пайызға өскен. Бұл тек Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі ғана, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Ал саудагерлердің келтірген бағасы мүлде бөлек. Базардағы бір дәптердің өзі өткен жылы 20-25 теңгеге сатылса, қазір 55 теңгеге бір-ақ шарықтаған. Яғни кемі екі есе өскен. Жаңа оқу жылының басталуына аз қалғанда мектеп формасының құны да көңіл көншітпей тұр. Шетелдік киімдерді айтпағанда, отандық өндірушілердің өзі биыл бағаны 15 пайызға өсіріпті. 

Базардағы бағаларды көріп шошып жатқан Құндыз Сарбазованың алты қызы бар. Оның бесеуі мектепке барады. Оқу жылы жақындаған сайын алқымнан алған қымбатшылықтың кесірінен көпбалалы ана шарасыз күйде отыр. Амалы  таусылғаннан қыздары былтырғыдан қалған мектеп формасын амалдап киеді. Өйткені әрқайсысын толық киіндіру үшін кемі 100 мың теңге қаражат қажет. Ал қалам, дәптер, күнделік сынды кеңсе тауарларын жыл сайын сатып алуға мәжбүр.

Мына қаламсаптар 60 теңгеден, қарындаштар 50 теңгеден. Биыл, міне, барлық нәрсе қымбат. Қаламсап, дәптер қолжетімсіз болып кеткен. Мынаны бүйтіп теріп алатын болсаң, бір балаға 25-35 мың теңгенің төңірегінде. Ал бес балаға 150 мыңнан аса теңге керек. Биыл сұмдық қымбат, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Құндыз Сарбазова.

Кеңсе тауарларының бағасы тоқтамай шарықтап жатқанын саудагерлер де мойындап отыр. Мәселен, дәптердің құны өткен жылы 20 теңге болса, қыста 25 теңгеге көтеріліп, қазір 55 теңгеге бір-ақ артқан. Бір бума А4 форатындағы ақ қағаз да 2 мың теңгеге өсіпті. Қытайлық өнімдер шамалы ғана қымбаттаса, Ресейден келетін тауарлардың құны айтарлықтай өскен.

 

Біріншіден, ана қағаздың ағартқышы жоқ болды орыстарда. Олар шетелден алады екен. Содан кейін оның бағасы бірден көтерілді. Оның бәрі білесіз ғой, шетелде болып жатқан жағдайға байланысты. Бізде көбірек шығару керек. Соған тырысу керек. Егер мемлекет мынандай майда заттардың көбісін шығарса, сонда ғана дұрыс болады, -дейді саудагер Асқар Ахметжанов. 

Ал мектеп формасын өзі тігіп, өзі сататын отандық компаниялар да өнімдерінің құны соңғы 5-6 жылда тұрақты болса да, биыл бағаның өскенін растап отыр. Өйткені тауар елімізде өндірілгенімен, шикізаты шетелден келеді. Сәйкесінше өзге елден жеткізілетін материалдың шарықтауына байланысты мектеп формасы да 10-15 пайызға қымбаттаған. 

- Орта есеппен алғанда, ер балалардың екілік кастюмі, пиджак және шалбар 23 мыңнан басталады. Қыз балаларға арналған үштік комплект 29 мыңнан жоғары жүреді. Көлеміне байланысты бағалар өзгереді. Бізде негізінде бағаны бір қалыпты ұстаймыз. Бағаның көтерілмегеніне бес-алты жылдай болды. Биыл баға шамалы көтерілді. Оған себеп –  шикізаттың қымбаттауы. Біздегі өндірілетін тауардың барлығына шикізат шетелден келеді, – дейді сатушы Гүлжан Айдар. 

Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы басталып кетеді. Қазір ата-аналар ұл-қызын киіндіріп, дәптер, қаламын алып қамданып жүр. Алайда базарлардағы баға қарашаның қалтасынан қағып отыр.

 Ұлттық статистика бюросы тек дәптерлер бойынша ғана ақпаратты берді. Олардың мәліметінше, биыл елімізде дәптердің 1337 тоннасы шығарылса, 1302 тоннасы импортталған. Басым бөлігі ішкі нарықта саудаланыпты. Ал жалпы кеңсе тауарларының құны былтырғымен салыстырғанда 12,3 пайызға қымбаттаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама