Қостанай облысында жоғалған 5 жасар қызға қатысты тың дерек шықты

Дәурен Ерболат

Бүгінде құтқарушылар баланы жүгері алқабында іздеп жатыр

Фото: ІІМ

Қостанай облысында жоғалған 5 жастағы Мадина Ерланқызына қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі.

Іздеу-құтқару жасағының еріктісі жүгері алқабында қызды көрген. Бұл жерден баланың тістерінің ізі бар жүгерінің собығы табылды. Ол сараптамаға жіберілді, - деп жазылған хабарламада.

ІІМ мәліметінше, 20-дан аса алқап тексерілген.

«Жол бойында полиция қызметкерлері су мен тамақ қалдырып жатыр. Қыз әлі табылған жоқ. Ол болуы мүмкін деген жерлер тексерілді. Бүгінде баланы іздеу аймағы 4 бағытта кеңейтілді:

  • 1) Жамбыл ауылы – Тобыл өзені;
  • 2) Алтын дала ауылы;
  • 3) Қостанай қаласы;
  • 4) Самир ауылы. 

Таңертең 2 тікұшақ және 1 ұшақ әуеге көтерілді. Олардың біреуінде тепловизор бар. Сондай-ақ Тобыл өзенінің арнасы да тексеріліп жатыр», - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, 7 тамызда таңғы 5.00-де Қостанай облысы Жамбыл ауылында 5 жасар Мәдина Ерланқызы жоғалып кеткен еді.

Алдын ала мәлімет бойынша, қыз бала терезеден шығып, үйден кетіп қалған. Мәдина аутизм дертіне шалдыққан әрі сөйлемейді.

Осыған дейін баланы ерікті көріп қалғаны хабарланған еді.