Алматылық сот орындаушылар борышкерлерден 85 млн теңге алимент өндірген

Еркеғали Болатұлы

Әділет департаментінде борышкерлер бойынша 1800-ге жуық іс қаралып жатыр

фото: ашық дереккөз

Алматыда сот орындаушылар алименттен жалтарған борышкерлерден биыл 85 миллион теңге өндіріп алған. Жыл басынан бері алимент төлеуден бас тартып, сот үкімін орындамаған 6 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.

Жалпы, қазір Алматы қалалық Әділет департаментінде борышкерлер бойынша 1800-ге жуық іс қаралып жатыр екен.

Қасақана жалтару фактілері бойынша 82 адамды әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Соның ішінде 1 тәуліктен 5 тәулікке дейін қамау шарасы бар. Осыны қолданып отырмыз, - дейді жергілікті Әділет департаменті басшысының орынбасары Жаңабай Ағманов.

Сондай-ақ соңғы жарты жылда 244 алматылық банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарызын өтей алмай, үйінен айырылған. Былтырғымен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 40 пайызға артық. Демек қазақстандықтардың қарызы көбейіп, оны төлей алмайтындардың қатары артқан.