«Мойынты-Сарышаған» учаскесіндегі пойыздар қозғалысы толығымен қалпына келтірілді
Кеше Қарағанды облысында жүк пойызының 12 вагоны рельстен шығып кетті. Теміржол бойындағы апатқа байланысты алты бағыт бойынша жолаушылар пойызы тоқтады. Жүк құрамында бидай болған. Вагонның бүйір жақтауы сынып кеткен.
Ал бүгін Жамбыл ЖТ бөлімшесі Мойынты – Сарышаған учаскесінің Новалы станциясында пойыздар қозғалысы толық қалпына келді. Жолдан шығып кету салдарын жоюға үш қалпына келтіру пойызы мен 200 жуық теміржолшы жұмылдырылды. Оқиға орнында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның арнайы құрылған комиссиясы жұмыс істеп жатыр, – дейді ҚТЖ.
Теміржолшылар тәулік бойы жұмыс істеп, штаттан тыс жағдайдың салдарын жедел жойды. Апаттан бірнеше сағат өткен соң, бір жолмен пойыздар қозғалысы ашылды. Барлық теміржол бөлімшесінің үйлесімді жұмысы қысқа мерзімде пойыздар қозғалысын толық қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Жолдан шығып кету себебі - ресейлік вагон бүйір рамасының сынуы. Тексеру қорытындысы бойынша келген залал үшін өтемақы кінәлі тараптан белгіленген тәртіппен талап етіледі.