×

Пәтерде синтетикалық есірткі өндіріп сатқан жас жігіт ұсталды

Күдіктіден есірткінің 2 мыңнан аса дозасы тәркіленді

 Дәурен Ерболат 08.08.2022 | 17:23
Фото: reform.by

Өскеменде синтетикалық есірткі өндірілген жасырын цех анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жасырын цехтың көзін жойды. Оларға Назарбаев даңғылындағы үйлердің бірінде басқа қаладан келген жігіт тұратыны, оның тек кешке далаға шығатыны туралы ақпарат түскен.

Полицейлер мәліметтің рас-өтірігін анықтау үшін бейнебақылау камераларын пайдаланды. Бақылау барысында күдікті күн сайын кешке пәтерден рюкзактармен шығатыны, пәтерге тек түнде келетіні анықталған. Тіпті, полицейлер есірткі жасырылған кейбір орындарды да тапқан.

Дәлелдерді жинаған соң полиция қызметкерлері арнайы жасақтың көмегімен күдіктіні құстады. Одан alpha PVP синтетикалық есірткісінің 30 түйірі тәркіленді, - деп жазылған хабарламада.

Жауап алу барысында жас жігіт бұрын Қарағандыда тұрғанын, ал Өскеменге есірткі өндіріп және оны сату үшін келгенін айтқан.

«Полицейлер жалға алынған пәтерді тінту барысында 600 грамм синтетикалық есірткіні анықтаған. Үйден жалпы оның 2 мыңнан аса дозасы табылды», - деп жазылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама