34 жастағы жігіт қыздың анасының "Не молчи" қорына шағымданғанын БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттардан оқып білген.
Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шақпақ ауылындағы қыз алып қашу оқиғасына қатысты жаңа дерек шықты.
Қыз бен жігіт әлеуметтік желі арқылы танысқан, деп хабарлады exk.kz.
Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген жігіттің айтуынша, бойжеткенмен "ВКонтакте" желісі арқылы танысқан. 3-4 ай шамасында қыз бен жігіт болып кездесіп жүріпті.
Қыздың өзі жасы 18-ден асқанын, шешімді өзі қабылдай алатынын айтып, алып қашуға рұқсатын берді. Алып қашатын күні (28 мамыр) біз екеуміз бизнес тренингке бірге бардық. Содан шығып, Шымкенттегі базардан 2-3 халат пен орамалын, алтынын алдық. Кейін ауылға қарай жолға шықтық. Қызылкөпірде (тәтті балығымен танымал Бәйдібек ауданындағы елдімекен: автор) тоқтап, сонда кафеде отырдық. Он шақты достарым жұбайларымен бірге болды. Содан түнгі уақытта ауылға жол тарттық, — дейді ол.
Бұл кезде жігіттің туған-туысы келінді дайындалып күтіп отырған. Келін түскен түні қыздың үйіне хабаршы да жіберіпті.
Кешірім ретінде хабаршылар қалыңмалына 1,5 миллион теңгені қыздың үйіне алып барды. Тура сол күні үйдің үлкені, қыздың атасы ауылдан келген екен. Олар хабаршыларды күтіп алып шығарып салған. Ертеңіне, 29 мамыр күні таңертең қуғыншылар келді. Қыздың өзімен жеке сөйлесті. Ол өз еркімен келгенін айтты. Біз беташарды түскі сағат 3-ке белгілегенбіз. Қуғыншылар беташарға кедергі болмайық деп кетіп қалды. Қуғыншылардың келген кезі, беташар, барлығының видеосы бар, — дейді жігіт.
Қолыма ақ құсымды қондырдым деп қуанған жігіт беташар күні мұсылманша неке қидырған. Алайда ертеңіне қыздың анасы қайта-қайта қоңырау шалды деп отыр.
Қайта-қайта хабарласып, анасы тыныштық бермеді. 30 мамыр күні түнгі сағат 11-12 шамасында ата-анасы, өзге де туыстары келіп алып кетті. Нақты себебін түсінбедік. Бұрынғы әйеліммен 11 жылдай бірге тұрып, бала болмаған соң ажырастық. Қыздың анасы сол туралы айта бастады", — деді ол.
Жігіт қалыңдығына өткен өмірі туралы танысқан сәтте бар шындықты айтып берген. Тәтті шайда қыздың ата-анасы, туыстары да бұдан хабардар болыпты.
Ата-анасы алып кеткен бойжеткен арада 10 күндей өткен соң жігітке әлеуметтік желіде хат жазып, талақ беруін сұраған көрінеді. Ал "қалыңмалды өзіміз апарып бердік" деген қыздың анасының сөзі шындыққа жанаспайды дейді.
Қуғыншыларды жібергенімізде қалыңмалды алып қалған. Бірақ қызды алып кеткен соң сол күні түнде біз олармен бірге Шымкенттегі үйіне барып, қалыңмалды қайтарып алдық. Ол (24 жастағы бойжеткен: автор) "Осынша туыстарыңыздың алдында абыройыңызды төгіп, ұятқа қалдырдым, маған ренжімеңіз" деп өзімнен кешірім сұраған. Сосын "Мұсылманша неке қидырдық, талақ бересіз бе?" деп өзі жазды. Шымкентте жолығып, мұсылманша екіге айырылыстық. Оның барлық жазбасын сақтап қойғанмын. Қызды алып кеткен соң анасы маған қайта-қайта жазып, тыныштық бермеді. Оның жазғандарын айтып отырудың өзі ұят. Аузым бармайды. Қыздың өзі бұдан хабардар, "жауап бермей-ақ қойыңызшы, ашуы басылар" деп айтқаны бар", — деді ол.
34 жастағы жігіт қыздың анасының "Не молчи" қорына шағымданғанын БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттардан оқыпты. Ал үстінен арыз түскенінен, ол іс тоқтатылғанынан мүлдем хабарсыз екен.
Әлеуметтік желілерде шыққан ақпаратты оқып, анасының мінезін білетіндіктен, үндемей қоя саламын деп ойлағанмын. Бірақ бүкіл ауыл естіп, шулап жатыр. Мен де шындықты айтуым керек деп шештім. Маған полициядан ешкім хабарласқан жоқ. Меніңше, ондағылар да мән-жайды біліп отыр. Қызға талақ беретін кезде ол анасы мәжбүрлеп полицияға арыз жаздырғанын айтты. Енді оны да түсінемін, анасынан ары асып түсе алмайды. Екі адвокат жалдадық деп айтты. Олардың да ешқайсысы хабарласқан жоқ, — деді жігіт.
Жігіт қыздың анасы мұндай мәлімдемелер арқылы өзін қаралағысы келді деп отыр. Бойжеткенмен алмасқан SMS-хаттар мен фото-видеолардың бәрі сақтаулы екенін айтқан.
Қызға тағар ешқандай айыбым жоқ дейді. Бірақ анасы тағы да өзін қаралайтын мәлімдемелер жасайтын болса, құзырлы органдарға шағымдануға тура келеді деп отыр.
Бұған дейін Шымкентте 24 жастағы қыздың анасы оны бейтаныс жігіт алып қашып, зорласа да, полиция іс қозғамай отырғанын айтып шағымданған.