Halyq Uni логотип
×

Еліміз Украинадан жеткізілетін дәрілерді толық алмастырды

Қазір олар басқа елдерден жеткізіліп жатыр

 Дәурен Ерболат 05.08.2022 | 14:43
Еліміз Украинадан жеткізілетін дәрілерді толық алмастырды
Фото: pharma.by

Қазақстан Украинамен дәрі-дәрмек жеткізу туралы келісімшартты бұзды. Бұл туралы «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, соғыс басталғаннан кейін логистиканы қайта құрып, бұл елден жеткізілетін дәрілерді алмастыру керек болған.

Бұл жағдай форс-мажор болып саналады. Сондықтан біз келісімшартты бұздық. Дәрі-дәрмектің 19 түрі сатып алынды. (Украинадан жеткізілетін дәрілерді – автор) Үндістан, Қытай, Мысырда шығарылған өнімдермен алмастырдық. Оның арасында Еуропада өндірілген дәрі-дәрмек те бар. Дәрінің 6 түрін сатып алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді компания басшысы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ Қазақстан шетелден дәрілерді жеткізу үшін отандық жүк көліктерін пайдалануға тура келген. Себебі, Еуропа елдері Ресей мен Беларусь техникаларына жүруге тыйым салған.

Дәрі-дәрмекті ұшақ арқылы жеткізу бағыты да өзгерген. Қазір олар Кавказ және Түркиядан жеткізіліп жатыр. Бұл жүкті әкелудің уақытын ұзартып, тауардың қымбаттауына әсер етеді.

Бұл аумақтарды айналып өтудің балама бағыттары дайындалды. Бүгінде барлық шешім қабылданды. Дәрі-дәрмекті жеткізу бойынша мәселе туындаған жоқ. 2023 жылы логистикаға көбірек уақыт жұмсалатынын ескереміз. Себебі, бұрын біз тікелей бағыттарды қарастырғанбыз, - деді Ерхат Есқалиев.

Айта кетейік, Қазақстан жыл сайын дәрі-дәрмек сатып алуға 300 млрд теңге жұмсайды.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама