Air Astana бір жазда 12 млн теңге айыппұл арқалады
Бұл - әуекомпаниясы тобын әкімшілік жауапкершілікке тартудың төртінші жағдайы
«Эйр Астана» компаниялар тобына кіретін «Fly Arystan» бөлімшесіне 3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы ИИДМ авиациялық академияның баспасөз қызметі хабарлады.
Азаматтық авиация комитеті рейстерді кешіктіру әуе тасымалдаушыларын жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту ісін жалғастыруда. 2022 жылдың 16 шілдесінде «Эйр Астана» компаниялар тобына кіретін «Fly Arystan» бөлімшесі Алматы-Атырау бағыты бойынша КС-7202 рейсін 12 сағат 9 минутқа кешіктіргені анықталды. Ал ұшақты осынша уақыт бойы күткен жолаушыларға ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақ үй ұсыну қызметтері тиісінше ұсынылмаған, – делінген хабарламада.
Аталған жағдайға байланысты әуе компаниясына 4 тамызда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша 1 000 АЕК (3 063 000 теңге) айыппұл салынған.
«Бұл «Эйр Астана» әуекомпаниясы тобының рейс кешіктірілген кезде жолаушылар құқықтарының бұзылуы себебінен өткен айда жалпы сомасы 12 млн теңгеден асатын әкімшілік жауапкершілікке тартудың төртінші жағдайы. Комитет заңнамада көзделген міндеттемелерді орындамаған жағдайда авиатасымалдаушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қажетті шаралар қабылдайды», – дейді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Бұған дейін Air Astana компаниялар тобына жыл басынан бері рейс кешіктіріп, жолаушылар құқығын бұзғаны үшін 9 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлағанбыз. Бұған қоса әуе рейсі кешіктірілгенде көрсетілуі тиіс тегін қызметтер туралы жаздық.