Бұл, әрине, аз уақыт емес: Мәжілісте 10 жыл төраға болған Нығматулин кадрларды жаңарту керектігін айтты
Мәжілістегі жұмыс менің өмірімдегі маңызды және жауапты кезең болды, деді ол
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинді қызметінен өз еркімен босату туралы мәселені қарады.
Осыған байланысты Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аса маңызды міндеттер жүктегенін алға тартып, ол мақсаттарға жету үшін кадр саласын жаңарту керек екеніне тоқталды.
Отырыс барысында Конституцияның 58-бабының 2-тармағына сәйкес, Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин Мәжіліс төрағасы қызметінен өз еркімен босату туралы қаулы жобасын дауысқа қойып, ол бірауыздан қабылданды. Маңызды шешім қабылдағанын алға тартқан Нұрлан Нығматулин өз ойын білдірді
Биыл Мәжіліс спикері болғаныма 10 жыл толып отыр. Үш шақырылым төраға болдым. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып, елімізге, халқымызға қажетті, сапалы заңдар қабылдау жолында бірлесіп, аянбай еңбек еттік. Бұл жолда, ең алдымен, Елбасымыз, Nur Otan партиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, қазіргі Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа маған осы жылдарда бірнеше лауазымды қызметті сеніммен тапсырып, әрқашанда қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғыс білдіремін, - деді ол.
Одан әрі Нұрлан Нығматулин үш шақырылым бірге жұмыс істеген барлық депутатқа, осы жылдар ішінде қолдап, сенім білдірген сайлаушыларға, Мәжілістің заң шығару жұмысын жоғары деңгейде қамтамасыз еткен аппарат қызметкерлеріне, барлық қоғамдық ұйым өкілдеріне, Мәжіліске кірмеген саяси партияларға, Мәжіліс жұмысын насихаттаған журналистерге, сарапшыларға алғыс білдірді.
Бұған дейін Нығматулин өкілеттігін тоқтатуға өтініш берген болатын.
НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН
1962 жылы Қарағандыда туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Саяси ғылымдарының докторы. Институтты бітіргеннен кейін «Қарағандыоблгаз» өндірістік бірлестігі автоколоннасының инженері, бастығы болып жұмыс істеген.
1985-1990 жылдары – Қазақстан ЛКЖО Ленин аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы.
1990-1993 жылдары – Қазақстан жастар ұйымдары комитетінің төрағасы.
1993-1995 жылдары – «Тенгри» қазақ-американ бірлескен кәсіпорынның президенті.
1995-1999 жылдар аралығында – Президент әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары.
1999-2002 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары.
2002-2004 жылдар аралығында – Көлік және коммуникация вице-министрі.
2004-2006 жылдары – Президент әкімшілігі басшысының орынбасары.
2006-2009 жылдар аралығында – Қарағанды облысының әкімі.
2009-2012 жылдар аралығында – «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары.
2012 жылғы 20 қаңтар – 2014 жылғы 3 сәуір аралығында бесінші сайланған Мәжіліс төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі.
2014 жылғы 3 сәуір – 2016 жылғы 21 маусым аралығында Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды.
2016 жылғы 22 маусымнан бастап алтыншы сайланған Мәжіліс төрағасы болып бірауыздан сайланды, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.
2019 жылғы 22 тамызынан - Nur Otan партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі.
2021 жылғы 14 қаңтардан - Nur Otan партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі.
2021 жылғы 15 қаңтардан - жетінші сайланған Мәжіліс төрағасы болып бірауыздан сайланды.
«Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», «Құрмет», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.