«Қаңтар қырғыны мені тоқтатты». Аягүл Мантайдың өмірден өткеніне жыл толды

Ая Өміртай

Тергеу ісін сотқа жеткізбей тоқтатқан

Коллаж: Halyq Uni

29 шілдеде жазушы, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Аягүл Мантайдың қайтыс болғанына бір жыл толды. Ол былтыр дәл осы күні Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс ауылындағы үйінде өзіне қол жұмсап қайтыс болған еді.

Halyq Uni тілшісі марқұмның сіңлісі Тоты Мантайға хабарласып, тергеу ісінің жай-жапсарын сұрап білді.

Біз Тотыға хабарласқанымызда ол марқұмның жылдық асын өткізу қамымен өздері туған Байқоныс ауылына келгендігін айтты.

«Байқоныс деген ауылда байланыс нашар, интернет жоқ. Өзбекстанмен шекаралас кішкентай ауыл ғой. Қазір әкемнің ағасының үйіне келіп, сөйлесіп тұрмын», - деді сіңлісі.

Оның айтуынша, Түркістан облысы, Жетісай аудандық полиция бөлімшесі тергеу ісін сотқа жеткізбей тоқтатқан. Ол құқық қорғау органдары тарапынан мәйітке жүргізілген сот-медициналық сараптама қортындысында Аягүлге қатысты деректердің қате көрсетілгенін жеткізді.

Істі сотқа жеткізбей жауып тастады. Шығарған шешімдері де қате, бір-біріне қабыспайды. Марқұмның тісін протез деп көрсеткен. Аягүл тіс салдыратын жасы келген адам емес, небәрі 39 жаста ғана. Ал сараптама қортындысын тура жаңа жылдың алдында берді. Артынан қаңтар оқиғасы басталып кетіп, барлығымыз дағдарып қалдық қой, – дейді Тоты Мантай.

«АБЕДИНОВАНЫҢ СӨЗДЕРІНДЕ ҚОРЛАУ СИПАТЫНДАҒЫ СӨЗДЕР БАР»

Алайда сот психологиялық-филологиялық зерттеу қортындысы зерттеуге ұсынылған Сәуле Абединованың сөздерінде Аягүл Мантайдың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау сипатындағы сөздер бар деп таныған.

«Зерттеуде Сәуле тарапынан марқұмға қысым болғандығы, марқұмның ар-намысына тигендігі көрсетілген. Сол негізде ары қарай сотқа шағымдануыма әбден болатын еді. Өйткені не болғаны белгілі. Кімдер қысым көрсеткенін Аягүл соңғы хатында да жазып кетті. Бірақ қаңтарда қаншама жазықсыз жандар кетіп жатқанда, қайта шағым түсіріп қозғауға мұршам болмады. Қаңтар қырғыны мені тоқтатты», – деп еске алды ол.

Тоты әпкесінің өлімін кибербуллингпен байланыстырады және ерте ме, кеш пе әділдік орнайды деген сенімде. Ол әпкесін өлімге итермелеуге қатысы бар деп бірнеше адамдардың есімін атап көрсетті. Аягүл Мантайдың өзі де қайтыс болар алдындағы соңғы жазбасында Сәуле Әбілдаханқызы, Мәди Манатбекті кінәлап, ренішті екенін жеткізген.

Аягүл қайтқанда Әмірболат Құсайынұлы деген журналист қайта-қайта хабарласты. Ол Сәулені сотқа бермеу керектігін, қарсы тарап моральдық шығындарды өтейтіндігін айтып араға түсті. Содан бері ешкім кешірім сұрамады. Көп нәрсе ашылмай кетті. Мәди Манатбек, Сәуле Абединова, Әлия Құдайбергеноваларды жұмысқа Шыңғыс Мұқан (Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары – ред.) тартты ғой. 3-4 айдың ішінде көп нәрсе өзгерді. Аягүл осының барлығын білді деп ойлаймын, – дейді ол Halyq Uni-не берген сұхбатында.

Тоты Аягүлдің ісінің сотқа жетпей тоқтатылуына қарсы тарап ықпал етті деген пікірде. Сондықтан тергеу әділ жүрмеді деп есептейді.

АЯГҮЛ НАМЫСШЫЛ ЕДІ

Қазір Аягүлдің үйі 30 шілде күні марқұмның жылдық асын өткізуге даярланып жатыр.

«Атақты болып жатса, мүмкін кейін бір қолға алынар. Ал тура қазір әділетті шешім табады деп айта алмаймын. Қайта-қайта Жетісайға тергеуге барып, бекер шаршадым. 30 шілде күні асын бергелі жатырмыз. Қарапайым ғана, туған-туыс арасында. Үй кішкентай. Үйіме қарайлассам деп барлық дүниені Аягүл алып берген еді. Намысшыл бала еді. Үйдің іші әпкемді еске салады. Аягүлдің оқырмандарына айтарым осы», - деді Тоты Мантай.

Мәскеу мектебінен білім алған Аягүл үнемі ізденумен болды. Ол оқырмандарын кіршіксіз таза әлемге жетелейтін. Соңғы сөзінде «Бізді Құдай жер бетіне періште кейпінде жіберіп еді, біз оған күнә жасауға қабілетті бейнемізбен ораламыз», деп жазған.

Аягүл Мантай өмірден озған соң әріптестері мен дос-жаранының бастамасымен кей шығармалары қайта басылып шықты. Ақын Қасымхан Бегманов автордың «Уақыттың көз жасы» атты кітабын 500 данамен шығаруға бастамашы болды. Сондай-ақ, Нью-Йоркте шыққан қазақстандық әйел жазушылардың проза жинағына да қаламгердің әңгімесі енді.