×

Банк менеджері клиенттің ақшасын ұрлап, ұтысқа тіккен

Полицейлер қылмыстық істі тергеп жатыр

 Дәурен Ерболат 29.07.2022 | 09:56
Фото: inform.kz

Көкшетауда клиенттің ақшасын ұрлап, бәс тіккен банк менеджері ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл 26 шілдеде полиция басқармасына 52 жастағы қала тұрғыны банктердің бірінде сақтаған ақшасының жоғалғанын айтып арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адам 310 мың теңгені иемденген. Алайда ол алаяқтар қоңырау шалмағанын, банктегі ақшаны басқа есепшотқа аударуға өтініш бермегенін атап өткен.

Anti-fraud республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Көкшетау қаласы ПБ Криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері бұл іске 19 жастағы банк менеджерінің қатысы барын анықтады. 14 шілдеде ол кредит алғысы келетін клиентке қызмет көрсеткен.

Банк менеджері қызметтік жағдайын пайдаланып, клиенттің есепшотындағы 310 мың теңгені букмекерлік кеңседегі өз шотына аударған. Кейін ол ұрланған ақшаға бәс тігіп, ұтылып қалған. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі («Ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп жазылған хабарламада.

19 жастағы жігіт өз кінәсін толық мойындады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама