×

Еліміздегі есірткі саудагерлері телеарна тілшісін де еліктіріп көрген

Әуелі ақшаны оңай табуға болатынын айтып, жұмысты түсіндіріп, жеке мәліметтерді сұраған

 Еркеғали Болатұлы 28.07.2022 | 16:20
фото: ашық дереккөз

Елордаға жұмысқа келген жас жігіт бірден қылмыстық схемаға түсіп қалған. Олар жігітке химиялық заттарды тасымалдайтыны үшін жақсы жалақы ұсынған. Ал тұрақты табыстан бас тарта алмаған ол енді алдағы 7 жылын темір тордың арғы жағында өткізеді.

Екі апта ғана жұмыс істедім. Бірден мені ұстап алды. Ешқандай да ақша тауып үлгермедім. Осы іс үшін жауап беретінімді білгенде бәрі кеш екенін түсіндім. Қазір анам ғана жалғыз қалды. Бәрі осы жайтты білген соң мені тастап кетті. Қанша төлесе де мұндай іске жолауға тұрмайды, - дейді «Еуразия» телеарнасына сұхбат берген сотталушы.

Қылмыскерлер тіпті осы телеарна тілшісінің өзін жұмысқа тартпақ болған. Олар әуелі ақшаны оңай табуға болатынын айтып, жұмысты түсіндіріп, жеке мәліметтерді сұраған. Осы кезде экспериментті тоқтатуға тура келіпті.

Телеарна хабарлауынша, бірінші тапсырыстан соң анонимді адамдар «қылмыстық әрекеттеріңді хабарлаймыз» деп жаңадан қосылған наркокурьерлерді қорқыта бастайды екен. Ал есірткі қылмысына қарсы күрес өкілдері ондайда қорықпау керектігін ескертіп отыр. Егер адам ондай қылмыстан өз еркімен бас тартса, жауапкершіліктен босатылады.

Елімізде биылғы жарты жылда есірткі таратқан 1500 сайт пен Telegram арнасы бұғатталған. Сонымен қатар, полицейлер интернет арқылы сату фактілері бойынша жүзден аса қылмыстық істі тергеп жатыр. Полиция 10 оқиғаның 9-ында есірткі сатушылар өздерінің сыбайластары туралы хабардар ететінін атап өтті. Ешкім жазасыз қалмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама