×

Банктен басқа шоттарға 400 млн теңге аударған директор ақталып шықты

Ол былтыр «аса ірі мөлшерде мүлік ұрлағаны үшін» 7 жылға бас бостандығынан айырылған

 Еркеғали Болатұлы 28.07.2022 | 13:25
фото: ашық дереккөз

Жоғарғы сот ұрлық үшін 7 жылға сотталған қаржы директорын ақтады. Оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болып шықты деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Айта кетсек, былтыр қараша айында жекеменшік фирманың қаржы директоры В. Федин «аса ірі мөлшерде мүлік ұрлағаны үшін» (ҚК 188-бабының 4-бөлігі 3-тармағы) 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Іс материалдарына сәйкес, ол банктің бағдарламасында ақаулық шыққанда мобильді қосымша арқылы басқа адамдардың шоттарына ақша аударған. Соның салдарынан банкке 400 миллион теңгеден аса залал келтіріліпті.

Фединнің өзі ЖШС-нің қаржы директоры және платина картасының иесі болғандықтан, банк лимитсіз ашық деп ойлады. Ол банктің ақпараттық жүйесіне әсер ету үшін ешқандай әрекет жасаған жоқ. Іркіліс кезінде ақша аударымын Федин ғана емес, банктің басқа 35 клиенті де жасаған. Бірақ басқаларға қатысты қылмыстық жауаптылық туралы мәселе көтерілген жоқ, - делінген ресми хабарламада.

Бұдан бөлек, зиянның мөлшері тек банк өкілінің айғақтары мен карталық шоттан үзінді көшірмелер негізінде ғана анықталды. Сот сараптамалары жүргізілген жоқ. Ал банктік қызмет көрсету шартында карта ұстаушының банк алдындағы «техникалық» берешегі үшін (төлем лимитінен асып кеткен кезде) қылмыстық жауапкершілік емес, азаматтық-құқықтық жауапкершілік қарастырылған.

Осы мән-жайларды негізге ала отырып, кассация қылмыстық істі тоқтатып, Фединді қамақтан босатты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама