×

Атырауда пәтерден өлі табылған адамның біреуі әкімнің кеңесшісі болған

Полиция департаментінің хабарлауынша, ерлі-зайыптылар ажырасу процесінде болған

 Қанат Атаманов 26.07.2022 | 19:40
Фото: inform.kz

Ауылдастарының айтуынша, құлыптаулы пәтерде қайтыс болған ер адам Құрманғазы ауданы әкімдігінде, жастар саясаты істері басқармасының аудандық бөлімшесінде жұмыс істеген, ал бір кездері үйлену тойларында асаба болған деп хабарлады Atpress.kz.

Оны бүкіл ауыл біледі. Ол мансабын асабалықтан бастаған, кейін әкімдікке ауысты. Болашағы зор жас жігіт еді, өкінішті, – дейді марқұмның ауылдастары.

Бұл ақпаратты Құрманғазы ауданының әкімдігі де растады.

Атырау облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, ерлі-зайыптылар ажырасу процесінде болған. Ер адам алдымен әйелін тұншықтырып, кейін ол өзіне қол жұмсаған.

Еске салсақ, кеше ТЖД қызметкерлері құлыпталған пәтерден 1991 жылы туған ер адамның және 1992 жылы туған әйелдің денесін тапты.

Біз бұған дейін Атырауда ерлі-зайыптының мәйіті табылғанын, кейін полиция екі бап бойынша іс қозғағаны туралы жазған болатынбыз.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама