Экс-министрдің қылмыстық ісі прокурорға қайтарылды
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісін қараған елордадағы №2 Сарыарқа аудандық соты осындай қаулы шығарды, деп хабарлайды Нalyq Uni тілшісі.
Алдын ала сот отырысында адвокаттардың шағымын қараған судья Ибрагим Әлкенов іспен таныса келе істі прокурорларға қайтару туралы шешімге келді.
Себебі, қылмыстық-процессуалдық кодексті өрескел бұзу жағдайлары бар. Өйткені, сотқа дейінгі тергеу органдары мен прокурор аталған кодекстің 297-бабын бұзған. Яғни, адвокаттарға сотқа дейінгі тергеу органдарының шешімімен танысып шыққаннан кейін оған қатысты шағым білдіруге мүмкіндік берілмеген, – деді судья Ибрагим Әлкенов.
Сондықтан, Елжан Біртановқа қатысты осыған дейін қолданылып келген шектеу шаралары сол күйі қалады.
Айта кетейік, экс-министрге қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі былтыр 7-шілдеде аяқталып, 8-і күні жапа шеккен тарап ретінде денсаулық сақтау министрлігіне танысуға берілген. Одан кейін Біртановтың өзі мен адвокаттары да танысып шығу керек болды. Заттай дәлелдерін қоса алғанда, барлығы 133 томды құраған қылмыстық іс биыл 17-қаңтарда ғана сотқа түсті.
Іс материалдары бойынша Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі болып тұрған кезде жарамсыз ақпараттандыру платформасын қабылдап, лауазымды өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Қазір ол платформа жұмыс істемейді. Соның салдарынан мемлекеттің бір жарым миллиард теңгесі талан-таражға түскен.
БІРТАНОВ ІСІ
Елжан Біртанов Мемлекет басшысының жарлығымен 2020 жылғы 25 маусымда Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды;
2020 жылғы 3 қарашада экс-министрге қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды;
2020 жылғы 7 қарашада төрт айға үйқамаққа алынды;
2021 жылғы 12 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты экс-министрдің үйқамақтағы мерзімін наурыз айының соңына дейін ұзартты;
2021 жылғы 6 мамырда сот Елжан Біртановтың үйқамақ уақытын 14 маусымға дейін созды;
2021 жылғы 9 маусымда Біртановтың үйқамақ уақыты 14 шілдеге дейін созылды;
2021 жылғы 14 шілдеде сот экс-министрдің үйқамақ мерзімін 14 қыркүйекке дейін ұзартты;
2021 жылғы 14 қыркүйекте үйқамақ мерзімі 14 қарашаға дейін ұзартылды;
2021 жылғы қарашада үйқамақ мерзімі тағы 2 айға ұзартылды.