Павлодардағы заңсыз құрылыс: бөлім басшысы жауапқа тартылуы мүмкін

Данияр Айтпайұлы

Павлодарда құрылыс компаниялары заңды белшесінен басып жүр. Салаға жауаптылар да заңбұзушылыққа назар аудармаған

Halyq Uni

Павлодар қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары құрылыс саласына тексеру жүргізді. Нәтижесінде қала бойынша 49 көп қабатты тұрғын үйдің құжатынан заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылыс компаниялары заң талаптарына бағынғысы келмей отырғанын айтады. Олардың кейбірі баспананы рұқсатсыз салып қана қоймай, мемлекеттің үлескерлік құрылыс бағдарламасы бойынша сатып жатыр. Енді бірі бір жер учаскесіне жапсарлас екі көп қабатты тұрғын үй сала бастаған. Ертіс өзенінің жағасына, ерекше бақылауға алынған жер учаскелерінде құрылыс жүргізіп жатқаны да бар. Ал Павлодардың сәулет және қала құрылысы бөлімі Үкімет бекіткен қаланың бас жоспарына назар аударар емес.

«Құрылыс саласындағы олқылықтар қала тұрғындарының жайлы өмір сүру жағдайына кері әсер етіп отыр. Заңсыз бой көтерген тұрғын үйлердің орнына көлік тұрағын, балаларға арналған ойын алаңдарын салуға болар еді. Бұл – жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімі жіберген қателік», - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Назымбек Бекжанов.

Қазір тиісті мемлекеттік мекеме басшысын жауапқа тарту мәселесі қаралып жатыр.

«Облыс орталығындағы заңсыз құрылыс мәселесі жыл өткен сайын өршіп барады. Жауапты мекемелер көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысына рұқсат қағазын оңды-солды беретін жағдайға жетті. Ешқандай жоба, жоспар жоқ. Біз бұл салаға талдау жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша Үкімет басшысына ресми хат жолдадық. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан тексеру басталды. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысын жауапқа тарту мәселесі де қаралып жатыр», - дейді «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысындағы өкілдігінің жетекшісі Нұргүл Қайырденова.

Ал аймақтағы қоғам белсенділері заңсыз бой көтерген тұрғын үйлерді бұзу қажет деген ұсыныс айтты.

«Кей кәсіпкер құрылыс жүргізуге айлап рұқсат ала алмай жүргенде, басқалары еш рұқсатсыз немесе заңды бұзып жұмыс істеп жатыр. Олар «тиісті мемлекеттік мекемелермен барлығы келісіліп, шешілген» деп мақтанады. Сондай-ақ жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметкерлері құрылыс компаниясының басшыларына «айыппұлға 2-3 миллион теңге дайындап қойсаңдар болды, заң талаптарына қарамай тұрғын үй сала беруге болады» дейтін көрінеді. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық анық байқалады және онымен тиісті органдар айналысуы керек. Мұндай заңсыз құрылыс жүргізу тиімсіз болуы үшін қазір салынып жатқан нысандарды бұзып, келешекте рұқсат бермеу мәселесін қатаң қадағалау қажет», - дейді «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы.