Есдәулет Дәуітбековке үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды

Қанат Атаманов

Дәуітбековтер отбасы ұлы Есдәулеттің ерлігінің арқасында бүкіл Қазақстанға танылған болатын

Фото: inform.kz

Бүгін жеке атаулы қайырымдылық қорының президенті Ғабит Тасмағамбетов жетінші қабаттан құлағалы тұрған баланы құтқарған 17 жастағы Есдәулет Дәуітбековке үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Дәуітбековтер отбасы ұлы Есдәулеттің ерлігінің арқасында бүкіл Қазақстанға танылған болатын. 17 жастағы жігіт өз басын қатерге тігіп, «Шерқала» тұрғын үйдің жоғарғы қабатындағы балконнан құлап қала жаздаған екі бүлдіршінді өлім аузынан сақтап қалған-ды.

Мен Есдәулеттің ата-анасына ұлына лайықты тәрбие бергені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгінде бұл жігіт өзінен кейінгі інілері үшін ғана емес, келесі өскелең ұрпаққа да үлгі болып қала береді, – деді Ғабит Сатмағамбетов.

Қайырымдылық қорының президенті жас батырға GPark компаниясына тиесілі «Урбан» тұрғын үй кешеніндегі құны 52 млн теңге болатын пәтердің кілтін табыстады.

Есдәулет Дәуітбеков кәмелет жасқа толғанда үй толығымен оның атына көшеді.

Біз бұған дейін екі баланы құтқарған Есдәулеттің арманы туралы айтқанын жазған болатынбыз.