Министрлік көтеріп отырған лицензиялаудың «Білім беру туралы» заңда еш талабы көрсетілмеген
Шенеуніктер мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне бейбіт шеруге шығуға рұқсат бермей, көтеріліске итермелеп отыр, деді Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Ләйлә Күленова Қазақстан халық партиясы өткізген брифингте.
Педагогтар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялаумен келіспейді.
Ләйлә Күленованың айтуынша, балабақшаларды лицензиялау туралы жаңалықтан соң мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 17 мың өкілі өре түрегелген. Оның 90%-ы әйел.
«Балабақшаларда болып жататын орынсыз жайттар бүкіл балабақшаға тән. Алайда халықтың наразылығы толығымен жекеменшік балабақшаларға ауып кеткен. Ал сала басшылары мемлекеттік балабақшалардағы жағдайларды жымын білдірмей жасырып қалады», дейді төрайым.
Шындығына келгенде, мемлекет лицензиялауды алып тастаған жоқ. Тек лицензиялаудан өтудің заңды үлгісі білім беру тапсырысына алмастырылды. Лицензия беруден басқа құжаттың бәрін біз ылғи тапсырып келгенбіз. Сайып келгенде, органдардың бүкіл тексеруін осы күнге дейін өтіп келдік. Сонда процедураның атын өзгертіп, басқаша атап, сөзбен ойнаудың не керегі бар? Тіпті, адамның қамқорлығы мен назарын лицензиялауға бола ма? Лицензияланатын педагог емес, тек заңды тұлғаның материалды-техникалық мәселелері ғана, дейді Ләйлә Күленова.
Оның айтуынша, министрлік көтеріп отырған лицензиялаудың «Білім беру туралы» заңда не еш талабы көрсетілмеген, не сапаның анықтамасы жоқ. Сөйтіп отырып лицензиялауды енгізу туралы қалай бастама көтеруге болатынын түсінбейтінін айтады.
Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамед Ертісбаевтың айтуынша, елімізде 10800 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның 47%-ы жекеменшік.
Биылғы жарты жылда балабақшаларда 101 жыныстық жәбір көрсету дерегі тіркелген. Оның 53-інде озбырлар жақын туыстары болып шыққан.
Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринованың жазуынша, мектепке дейінгі білім – қазіргі уақытта лицензияланбайтын жалғыз білім деңгейі. Лицензиялау тексеру тетігі ретінде 2011 жылға дейін жүргізіліп келді. Қазір бұл процедураны қайтару қажеттілігі туындаған. Өйткені балаларға қатысты көптеген резонанстық жағдай ата-аналар мен қоғамды әділеттілікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр еткен.