×

«Балабақшаларды лицензиялау – қоғамның сұранысы» – вице-министр

Алдымен заңдарға, басқа да заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізілетін болады

 Динара Амантай 19.07.2022 | 12:01
Фото: alataugazeti.kz

Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде балабақшаларды лицензиялау мәселесі белсенді талқыланып жатыр. Кішкентай балалардың құқықтарын бұзуға жол берілмеу керек деп есептейтін қоғамның бір тарабы балабақшаларды тез арада лицензиялауды бастау керек деген ойды қостайды. Ал екінші тарап мемлекет лицензиялауды енгізе отырып, мектепке дейінгі білім беруде жеке бизнестің дамуына кедергі келтіреді, лицензиялау жекеменшік балабақшалардың жабылуына әкеледі деп санайды.

Осыған байланысты вице-министр мемлекет лицензиялау арқылы балабақшаларды жабу міндетін қойып отырмағандығын айтады. Ол лицензиялаудың мемлекеттік мекемелерге де, жекеменшік мекемелерге де қатысы бар екендігіне назар аударды.

Оның айтуынша, тек биылдың өзінде мемлекеттік қолдау шараларының арқасында үш жүзден астам балабақша ашылуда, олардың жартысынан көбі - жекеменшік, олардың жүз қырқы - он мыңнан астам орынға қазіргі таңда ашылды.

Сонымен бірге мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларда осы жылдар ішінде бірыңғай әдістеме бойынша мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландырудың бірыңғай тетігі іске асырылуда. Бұл ретте, осы саладағы қызметтерді қолдау үшін 2020 жылы мемлекеттік тапсырыс әдістемесіне мемлекеттік тапсырыс құрылымында жалақыны 25% - ға арттыруға, педагогтердің демалыс ұзақтығын 56 күнге дейін ұлғайтуға және т.б. арналған қаражат көлемін көздейтін өзгерістер енгізілді және бұл шараларға республикалық бюджеттен қомақты көлемде қаржы бөлінді.

Шолпан Каринованың пікірінше, егер қоғам әділ қарым-қатынасты, балалардың құқықтарын қорғауды, олардың балабақшаларда қауіпсіз болуын қамтамасыз етуді қаласа, ата-аналар балаларын балабақшаға жіберуден қорықпаса, онда балабақшаларға қойылатын талаптарды кіру кезінде лицензиялау және жұмыс істеуі кезеңінде аттестаттау жүйесі арқылы тексерілуі керек. Сонымен қатар, осы функцияларды іске асыру кезінде мемлекет екі тараптың тікелей байланысы тәуекелін барынша азайтты, өйткені рәсімдер объектілерге бармай-ақ жүргізіледі.

Бұған қоса ол балабақшалардың жұмыс істеу шарттары мемлекеттік, сондай-ақ жекеменшік балабақшаларда да бірдей болуы тиіс екендігін атап өтті.

Мектепке дейінгі білім – қазіргі уақытта лицензияланбайтын жалғыз білім деңгейі. Лицензиялау тексеру тетігі ретінде 2011 жылға дейін жүргізіліп келді. Қазір бұл процедураны қайтару қажеттілігі туындады, өйткені балаларға қатысты көптеген резонанстық жағдайлар ата-аналар мен қоғамды әділеттілікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр етті. Бұл – қоғамның сұранысы, – деп жазды Шолпан Каринова.

Вице-министр бұл жағдайда лицензия дайындықты растау құралы ретінде балабақшаны ашу кезінде балалардың жағдайын тексеруге мүмкіндік беретінін айтты. Бұл ретте біліктілік талаптары әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты балалар үшін қажетті жағдайлардың ең аз жиынтығын қамтитын болады: тиісті педагогтердің, бейнекамералардың, оқу материалдарының болуы, санитариялық және өртке қарсы нормаларға сәйкестігі, меншікті немесе жалға алынған ғимараттың болуы.

«Лицензиялау кезең-кезеңмен жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Алдымен заңдарға, басқа да заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізілетін болады. Бірінші кезеңде жаңадан ашылған мектепке дейінгі ұйымдар лицензиялауға жатады, ал бұл жылына шамамен 200 бірлік. Содан кейін лицензиялау қайта мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген жұмыс істеп тұрған ұйымдар үшін көзделген. Олардың саны да аз, жылына 1-2% немесе 10-15 балабақша. Басқа барлық жұмыс істеп тұрған балабақшалар тәуекелдерді бағалау негізінде лицензия алатын болады, – деп мәлімдеді бірінші вице-министр.

Сондай-ақ балабақшаға бармай-ақ қауіпті жағдайлар Ұлттық білім деректері базасы арқылы автоматтандырылған жүйеде анықталатыны белгілі болды. Осылайша, лицензиялау балаларды тәрбиелеу үшін жағдай жасау үшін объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама