Шетелге жұмыс істеуге аттанатын қазақстандықтар аз емес. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір 35 мыңнан астам қазақстандық Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүр.
Осы орайда Halyq Uni шетелдерде адам саудагерлерінің «желісіне» ұрынып қалмас үшін сақтық шараларын ұсынады.
Адам саудасы миф емес. Адам саудасы – ауыр қылмыс және адам құқығының өрескел бұзылуы. Жыл сайын мыңдаған ер, әйел мен бала елде де, шетелде де адам саудагерлерінің қолына түседі.
Адам саудасы қару мен есірткі сатудан кейінгі қылмыстық табыс бойынша әлемде үшінші орында. БҰҰ мәліметі бойынша, әлемде адам саудасының құрбандарының 70%-дан астамы қыздар мен әйелдер, ал барлық құрбандардың үштен бірі балалар.
Қазақстанда адамдар көбіне жыныстық және еңбек қанау мақсатында сатылады.
Ішкі істер министрлігінің статистикасы бойынша 2021 жылы елімізде адам саудасы бойынша 103 қылмыстық іс қозғалып, 50 адам сотталды.
Адам саудасының бірнеше түрі бар:
- жыныстық қанау;
- мәжбүрлі еңбек;
- қылмыстық қанау;
- қарыздық міндеттеме;
- балалар еңбегін қанау;
- «тұрмыстық» құлдық;
- қайыр сұрауға мәжбүрлеу;
- қарулы құрылымдарда адамдарға күш қолдану;
- бала асырап алу мақсатында балаларды сату;
- дене мүшелерін трансплантациялау үшін адам саудасы.
Барлығының ортақ тұсы – құрбандардың бостандық құқығынан айырылуы.
Egov.kz порталының хабарлауынша, адамдар құлдыққа әр түрлі жолмен түседі.
Адамдарды жоғары жалақы мен жақсы жағдайға, үйленуге немесе жоғары білім алу мүмкіндігімен алдайды.
Адам саудасының құрбаны болмауы үшін не істеу керек?
- Жұмыс берушінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен заңды түрде лицензия алғанына көз жеткізіңіз.
- Шетелге барар алдында еңбек келісімшартын жасаңыз. Сізге қол қоюға ұсынылатын келісімшартты мұқият оқып шығыңыз, түпнұсқалардың бірі сіздің қолыңызда қалуы керек. Сізді шетелге жіберетін фирмаға қатысы жоқ тәуелсіз заңгермен кеңесіңіз. Келісімшартта жұмыстың шарттары, сондай-ақ тұру, ақы төлеу және медициналық сақтандыру шарттары қарастырылуы тиіс.
- Жұмыс визасын алыңыз. Туристік виза сізге жұмыс істеу құқығын бермейді. Сіз барғалы отырған елшіліктен осы жұмыс түріне жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы сұраңыз.
- Медициналық сақтандыру алыңыз.
- Барлық құжаттарыңыздың, визалардың, төлқұжаттардың кем дегенде екі данасын жасаңыз, бір данасын өзіңізбен алыңыз. Екіншісін туыстарыңызға қалдырыңыз, бұл сіздің қолыңыздан құжаттарыңызды тартып алғанда немесе құжаттарыңызды жоғалтқан кезде көмектеседі.
- Туыстарыңызға қайда және кіммен бара жатқаныңызды айтыңыз. Телефон нөмірлерін, тұрғылықты жеріңіз туралы мәліметтерді қалдырыңыз. Егер белгілі бір уақыт аралығында хабарласа алмасаңыз, жақындарыңызға алдын ала ескертіп қойыңыз. Бұл қауіптің алдын алуға көмектеседі.
- Кетер алдында сіз кіретін елде сізге көмектесе алатын ұйымдардың мекенжайы мен телефон нөмірлерін біліп, есте сақтағаныңыз жөн. Бұл Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері (елшілік пен консулдық), үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ жұмыспен қамту еліндегі көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның кеңселері.
- Сондай-ақ, өзіңіз баратын елдің тілін, таңдалған жұмысқа қойылатын біліктілік сынды кәсіби міндеттерді ескерген жөн.
- Егер адам саудасының құрбаны болсаңыз, бірақ қашып кетуге, құтылуға мүмкіндік туған жағдайда елшіліктен немесе басқа елді мекеннен қолдау іздеңіз.
Есіңізде болсын! Құжаттарыңызды көші-қон қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдерінен басқа ешкімге ешкімге бермеңіз! Төлқұжатыңыз тек өзіңіздікі!
Қырағылық, байқампаздық танытыңыз, кез-келген ұсақ-түйекке назар аударыңыз.
Еске сала кетелік, Кореяда жұмыс іздеген қазақстандықтарды алдап кеткен алаяқтар туралы бұдан бұрын хабарлағанбыз. Орта есеппен айына 600-ден астам отандасымыз заңсыз мигрант болып жұмыс істейді.