Қаңтар оқиғасында ұрланған 343 млн теңгенің мүлкі табылды – ІІМ
Олардың арасында 12 көлік, 189 қымбат әшекей, 386 ұялы телефон бар
Полиция қызметкерлері қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 343 млн теңгенің мүлкін тапты. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Қожаев айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
ІІМ өкілі тергеу органдарының басты міндетінің бірі – жаппай тәртіпсіздіктер барысында зардап шегіп, кейін жәбірленуші болып танылған қазақстандықтарға келтірілген шығынды өндіруді қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Осы бағытта қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтар мен бизнес субъектілерінің 343 млн теңгеден аса сомаға бағаланатын ұрланған мүлкі табылып алынды. Оның ішінде 12 көлік, 317 тұрмыстық техника, 189 зергерлік бұйым, 386 ұялы телефон, 550-дей әр түрлі киім-кешек, 16 млн теңгеден асатын қаражат және тағы басқа, - деді Мұхтар Қожаев ОКҚ-де өткен брифингте.
Айта кетейік, осыған дейін Бас прокуратура қазақстандықтарды сақ болуға шақырып, үндеу жасаған еді.
Сондай-ақ қаңтар оқиғасына қатысқан 83 адамның кінәсі сотта дәлелденген.