×

Ресейліктер жүгіне бастаған: елімізде әуе билеттері 5 есе қымбаттады

Эконом класстың бағасы бизнес класспен теңесуі де мүмкін

 Еркеғали Болатұлы 14.07.2022 | 11:48
фото: ашық дереккөз

Отандық туристік агенттіктер әуе компанияларын тексеруді талап етті. Себебі былтырдан бері ішкі және сыртқы рейстердің құны 18 пайызға көтеріліп кеткен.

КТК телеарнасының хабарлауынша, қымбатшылықты сарапшылар демалыс маусымымен байланыстырады. Олар жазда билетке сұраныс артып, әуе компаниялары еселеп пайда табуды көздейді деген пікірде. Санкция салдарынан ресейліктер де шекара асу үшін біздің елдегі туристік компанияларға жүгіне бастапты.

Біз билет бағасының 10-20 пайызға емес, бірден 5 есе қымбаттағанын байқадық. Әуе компаниялары сұраныс артқанын көріп отыр. Сондықтан билет құнын шарықтатып жіберді. Оларды бақылайтын орган жоқ па, түсінбедім. Бір өкініштісі, бағаны ауыздықтауға ешкім тырысып жатқан жоқ, - дейді Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей.

Қымбат билет шетелде демалғысы келетіндерге кедергі емес сыңайлы. Статистикаға сүйенсек, соңғы 5 айда елдегі әуе компаниялары 3 миллионнан аса жолаушыны тасымалдаған. Соның тең жартысы сыртқы рейстер. Тиісінше әуе тасмылдаушылардың пайдасы да еселеп артқан. Ал әуе компаниялары билет құнын сұйық отынның бағасымен тікелей байланыстырады. Дегенмен сарапшылар бұған кесілпейді. Өйткені елде авиакеросин қоры жеткілікті, жыл басынан бері бағасы да өспеген.

Билет құнының тек 30 пайызы жанармай бағасына байланысты. Елде авицацияға арналған сұйық отын қымбаттаған жоқ. Мұнай өңдейтін зауыттар да штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Меніңше, әуе компаниялары өзөздерін сақтандыру үшін осындай қадамға барып отыр. Алдағы уақытта ұшақтарға құйылатын жанармай бағасы шарықтап кетуі де ғажап емес қой, - дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Ерлан Жаукин.

Ал еліміздегі туристік компаниялар әуедегі жол ақысын ешкім қадағаламайды деп қынжылады. Ал Азаматтық авиация комитеті бағаны ауыздықтауға құзыретіміз жетпейді деп ашық айтты.

2012 жылдан бастап ішкі әуе тасымалдары нарығы толығымен бейтараптандырылған және рейстер саны мен бағыттар бойынша шектеулер жоқ. Яғни тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсаты бар. Егер әуе компаниялары келісіп, бағаны қолдан өсірсе, монополияға қарсы қызметке жүгіну керек. Олар мәселені бақылауға алып, тексеріс жүргізеді, - дейді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов.

Сарапшылар ұшақ билетінің құны әлде де тоқтаусыз өсетініне сенімді. Тіпті, эконом класстың бағасы бизнес класспен теңесуі де мүмкін. Турагенттіктер қымбатшылыққа тоқтау болмаса, сұраныс азаяды деп отыр. Себебі алдын ала билет сатып алмасаңыз, қазіргі баға қалтаға әжептәуір салмақ түсіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама