Індет тұрғындардың 90 пайызында жеңіл түрде өтіп жатыр
Алматы қаласы КВИ бойынша «сары» аймақта болғанмен, қалада карантиндік шаралар қатаңдатылған жоқ. Себебі, індет тұрғындардың 90 пайызында жеңіл түрде өтіп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.
Біз әзірге қатаң шектеулерге барып жатқан жоқпыз. Себебі, халықтың 90%-да ауру жеңіл түрде өтіп жатыр. Осының бәрін ескеріп отырмыз. Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, әлі де сақтану керек. Індетке жеңіл қарауға болмайды. Әр адам өзіне, айналасына жауапкершілікпен қарау керек. Бүгінде алматылықтардың 85%-ның КВИ-мен ауруының себебі – еккен вакцинасының уақыты өтіп кетуі немесе мүлде вакцина алмағаннан болып отыр. Сондықтан, қайталап айтамын, вацинаны қабылдау керек. Медициналық маска тағып, жеке бас гигиенасын сақтау керек, - деді вице-премьер.
Қазір Алматыда КВИ-ге қарсы нақты шаралар қабылданып жатыр. Шаһарда қайтадан вакциналау, ревакциналау басталды. Осы орайда, Ералы Тоғжанов Алматының індетке қарсы дайындық шараларын оң бағалады.
Қазіргі таңда қалада мобильдік топтардың тек 70-і істеп тұр. Қажет жағдайда оларды 150-ге дейін көбейтуге болады. Қалада эпидемиологиялық ахуал жіті бақылауда. Көп азаматтар мен жолаушылар Алматы қаласынан басқа аймақтарға шығып жатады. Сондықтан, бүгінде «жасыл» аймақта тұрған өзге өңірлер індетке қарсы сақтық шараларына көңіл бөлгені дұрыс, - деп атап өтті шенеунік.
Айта кетсек, Қазақстанда тағы 334 адам коронавирус жұқтырып алды. Сондай-ақ, елімізде коронавируспен ауырғандардың 13 пайыздан астамы - 14 жасқа дейінгі балалар.