×

Тоқаевтың сынынан кейін Сәтқалиев «Самұрық-Қазынаның» қалай өзгеретінін айтты

Бұған дейін Президент сынына ұшыраған «Самұрық-Қазына» басшысы компанияны қандай өзгеріс күтіп тұрғанын баяндады

 Халық үні 24.01.2022 | 10:00
фото: ашық дереккөзден

Жуырда Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен өткен кездесуде «Самұрық-Қазына» қорының кемшіліктерін тізіп, оның жұмысын сынға алған болатын. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев қорды реформалаудың перспективасына баса мән берген еді.

Қазір Қор – өте үлкен құрылым. Жабықтық, «саяси маңызы бар адамдарды» тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары  – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселелер. Күні бүгінге дейін мұнайхимия саласын қалыптастыра алмадық. Кеңес дәуірінде салынған зауыттарды қайта жөндеумен келеміз. Директорлар Кеңесі рөлі мен тәуелсіз директорлардың қатысуы көп жағдайда ештеңе шешпейді. Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін. Бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен сөйлестім. Егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, Қор да бірге кетеді, – деген болатын Президент .

Ал бүгін Алмасадам Сәтқалиев «Самұрық-Қазына» Мемлекет басшының тапсырмасына орай қоғамда қызу талқыланып жатқан реформаларды жүзеге асыратынын мәлімдеді. Ол реформалау бағдарламасына нақты әрі тиімді ұсыныстар бере алатын азаматтармен диалог орнатуға, барлық сауалға жауап беруге дайынбыз дейді.

Өзгерісті өзімізден бастап, ашықтық, есеп беру, бизнеске кедергі келтірмеу, әлеуметтік жауапкершілік және сыбайлас жемқорлықпен күрес қағидаттарын негізге алып отырмыз. «Самұрық-Қазына» Қазақстан азаматтарына Қор активтерін тікелей иеленуге мүмкіндік бермек. Яғни, ұлт байлығын әділ түрде барша халыққа үлестіріп беру – біздің басты мақсатымыз, – деп жазды «Самұрық-Қазына» басшысы әлеуметтік желіде.

Оның мәлімдеуінше, бизнес-процестер мен қордың компаниялар тобындағы корпоративтік басқару тәжірибесі реформаланады. Есеп беру мен басқару тетіктері басқаша болады. Компания мұнай, газ, көмір, тасымалдау мен ұқсату, электр қуатын өндіру, телекоммуникациялар және басқа да саладағы қатынастарды жаңалауға бет алмақ. Сатып алулар жүйесін түбегейлі өзгертіп, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау механизмдері күшейеді. Оларды бір пысықтап алу үшін сәрсенбі күні, 26-шы қаңтарда бизнес-қоғамдастықпен ашық диалог ұйымдастырылады. «Самұрық-Қазына» басшысы бірлесіп жасалған реформалау бағдарламасы бекітілсе, оны іске асырып, қатаң орындауға бар күшімді саламын деді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама