Қаңтар оқиғасынан соң қамауға алынған Азамат Батырбаевқа төрт жарым жыл шартты жаза берді
Талдықорған қаласының соты Қаңтар оқиғасынан соң «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген күдікпен қамауға алынған Азамат Батырбаевқа төрт жарым жыл шартты жаза берді. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметінен хабарланды.
«Тергеу материалдары мен сотталушының өз кінәсін мойындағаны туралы процессуалдық келісім сотқа түсті. Сот шешімімен ол шартты түрде 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Осы мерзімде сотталушыға пробациялық бақылау жасалады», - деп хабарлады.
Еске сала кетейік, 38 жастағы Азамат Батырбаев қаңтарда Талдықорғанда болған тәртіпсіздікке қатысқаны үшін жауапқа тартылды. Ол 2016 жылы орталық алаңда орнатылған Назарбаев ескерткішін бұзу кезінде жүк көлігін жүргізген. Азамат Батырбаев ескерткішті бұзған 16 адамның қатарында болған. Қамауға алынған соң Батырбаевты сақшылар азаптап, денесін үтікпен күйдірген. Ақпан айының ортасында Батырбаев өзін азаптағандарды таныған соң қылмыстық іс қозғалған еді.