×

Шиеліде стриптиз-шоу салдарынан ерлі-зайыптылар ажырасып жатыр

Аудан әкімдігі тұрғындардан ол ойынхананы жабу туралы шағым жиі түсетінін айтып отыр

 Еркеғали Болатұлы 07.07.2022 | 10:05
фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша, өңірдегі ойынхананың кесірінен кейбір отбасылар ажырасып жатыр екен. Себебі онда құмар ойын ойнатылғаны аздай, әр жұмада жалаңаш қыздар би билейтін көрінеді.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, аудан тұрғыны Ардақ Қазақбайқызы әлеуметтік желідегі парақшасына видео жариялаған. Оған видеоны бір танысы жіберіп, жолдасымен ажырасып жатқанын айтыпты. Себебі құмар ойынға еліткен жігіт «Лото клубтан» шықпайтын көрінеді. Оның үстіне, әр жұма сайын телефонына «сылқым қыздардың биін тамашалаңыз» деген хаттар келіп тұратын болған. Сондықтан ауданның бір топ тұрғыны әкімдіктен клубтың жабылуын талап етіп жатыр.

Ал «Лото клуб» басшылығы ондай шоу ұйымдастырмағандарын айтып ақталған. Аудан әкімдігі болса, тұрғындардан ол ойынхананы жабу туралы шағым жиі түсетінін айтып отыр.

Жасыратыны жоқ, бұл мәселе отбасының бұзылуына, қоғамдық ахуалына әсерін тигізіп жатыр. Біз аудан әкімдігі тарапынан заңға сәйкес жабылуы бағытында тиісті жұмыстарды жүргізетін боламыз, - дейді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов.

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, «Лото клуб» заңды түрде тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. Алайда көлеңкелі бизнеспен айналысқан жағдайда заң шеңберінде жауапқа тартылады.

Лицензияда көрсетілген қызметтен басқа, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған жағдайда, ҚР ҚК-нің 307-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қаралған. Яғни, 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, - деп мәлімдеді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті.

Құзырлы орындар ойынханаға қатысты тексеру жұмыстарын бастамақ. Ал аудан тұрғындары оны жабу үшін соңына дейін күресеміз деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама