Вице-министр әкімдіктердің әрекетсіздігін сынады
2025 жылдың соңына дейін салынуға тиіс 155 мектепке жер учаскесі бөлінбеген. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев министрліктің аппарат жиналысында айтты.
Әкімдіктер әлі күнге дейін жаңа мектеп салу үшін жер учаскелерін бөлу мәселесін толық шешкен жоқ. Мәселен, 2025 жылдың соңына дейін нысандардың 26 пайызы немесе 155 мектептің құрылысы жер учаскесімен қамтамасыз етілмеген. Үкімет тиісті тапсырманы өткен жылдың қарашасында берген болатын. Бұл мәселеде апатты және үш ауысымды мектептердегі орын тапшылығын жою мәселесін шешуге аса мүдделі әкімдіктердің жайбарақаттығы түсініксіз. Шымкент қаласында, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында жер учаскелерінің болмауына қатысты күрделі жағдай орын алып отыр, – деді ол.
Бұған қоса ол бүкіл әкімдіктер мектеп құрылысына керек жер учаскелерін бөлу мәселесін қысқа мерзімде шешу қажеттілігіне баса назар аударды.
«Жергілікті атқарушы органдарға жүргізіліп жатқан жұмысты жүйелендіру мақсатында биыл 225 мектепті пайдалануға беру бойынша бекітілген жоспардың іске асуын қамтамасыз етуді, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жөнінде өзге де шараларды тиянақты жүзеге асыруды ұсынамын», – деді Ғани Бейсембаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Аймағамбетов биыл 3 мыңнан аса мұғалімнің жұмысқа қалай қабылданғаны тексерілетінін айтқан.