Алакөлдегі алапат өрт салдарынан 17 ғимарат жанып кетті

Еркеғали Болатұлы

Түнгі сағат 23:20-да басталған өрт таңғы 5-ке қарай толық сөндірілді

фото: видеодан скриншот

Абай облысының Үржар ауданында 300-ден аса демалыс орны бар Алакөл жағасындағы өрт салдарынан 4 демалыс орнына қарасты 17 ғимарат жанып кетті. Өрттің жалпы аумағы 3 мың шаршы метр.

Ал онда қанша турист болғаны белгісіз. Әйтеуір бәрі бірден қауіпсіз орындарға эвакуацияланып, 7 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Қаза тапқандар жоқ.

Ғимараттар тез жанғыш материалдардан салынғандықтан, екпінді желге және ғимараттардың жақын орналасуына байланысты, өрт лезде тарап кеткен. Күйіп қалу деректері тіркелген жоқ. Тек эвакуациялау барысында сырып алған, кесіп алған жеңіл жарақаттар болды. Олар дәрігер тексерісінен кейін үйлеріне жіберілді, - дейді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Әзірге шығу себебі белгісіз тілсіз жауды сөндіруге Шығыс Қазақстан және Алматы облысынан 200-ге жуық маман жұмылдырылған. Түнгі сағат 23:20-да басталған өрт таңғы 5-ке қарай толық сөндірілді. Қазір арнайы құрылған комиссия бизнес субьектілерінің нақты шығынын есептеп жатыр.