Сотқа дейінгі тергеу «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық» бабы бойынша жүргізіліп жатыр
Алматыда AsiaCredit Bank АҚ-ның мүлкін ұрлау дерегіне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті AsiaCredit Bank АҚ-ның мүлкін ұрлау дерегіне қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
Қазір департамент Қылмыстық-процестік кодекс 24-бабының талаптарын орындауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізіп жатыр. Аталған кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді, - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, осыған дейін журналист Михаил Козачков Asia Credit Bank-тен 25 млрд теңге ұрлануына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған еді.
«26 маусымда тергеу соты бірінші күдікті, бизнесмен Орифджан Шадиевтің көмекшісі Михаил Соловьевті қамауға алуға санкция берді. Тергеу «аса ірі мөлшердегі алаяқтық» бабы бойынша тіркелді. Бұл оқиға 3 еншілес ұйымды (Capital Bank, Asia Credit Bank және Tengri Bank) біріктірген соң болған. Бүгінде аталған 3 ұйым лицензиясынан айырылды», - дейді Михаил Козачков.