Павлодар облысында кәсіпкерлер 6,5 млрд теңгеге жалған шот-фактура жазып берген
Алаяқтық салдарынан бюджетке 2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген
Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері шот-фактураларды заңсыз жазып беру фактілерінің жолын кесті. Бұл туралы ҚМА-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу барысында екі кәсіпкер жалған тұлғалардың атынан 13 компания ашқаны анықталды. Бұдан кейін олар пайда табу мақсатында 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде осы компаниялардың есебінен бірқатар заңды тұлғаларға жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар жазып берген.
В.Р. Легин мен С.А. Рыжаковтың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке төленбеген салықтар түрінде 2 млрд. теңгеден астам сомаға залал келтірілді. Сот екеуін де кінәлі деп тауып, Легин Вильгельм Робертович пен Рыжаков Сергей Александровичті 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айырды, – делінген хабарламада.
Бұған қоса В.Р. Легиннен 13 млн теңгеден астам ақша тәркілеу туралы үкім шығарылды.
Еске сала кетсек, 3 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар жазып берген Шымкент тұрғынының ұсталғанын жаздық.