×

Бүлікке қатысы бар қаруланған екі адам Ресейге ұшпақ болды

Олардан пышақ, кастет және кісендер табылды

 Халық үні 19.01.2022 | 09:20
фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан қаласында рейд жүргізіп, елорда әуежайы нысандарын күзету мен қорғау кезінде Ресейге кетпек болған Қазақстанның 2 азаматын ұстады. Олардың жүгі мен қол жүгін тексеру барысында пышақ, кастет және кісен сияқты тұратын суық қарулар табылды. Тексеру барысында олардың ұялы телефондарынан Алматы қаласындағы митингтерге, демонстрациялық әрекеттер мен бұзақылықтарға қатысқандығын растайтын бейнежазбалар анықталды. Күдіктілерді әрі қарай жауапкершілікке тарту үшін полиция желілік бөлімінің қызметкерлеріне берілді.

Бұдан басқа, «Ташкент–Нұр-Сұлтан» халықаралық рейсін рәсімдеу кезіндегі паспорттық бақылау жұмысының нәтижесінде жалған төлқұжаты бар Тәжікстан азаматы құрықталды. Ол шекараны заңсыз кесіп өту мақсатында құжаттағы өзінің анықтамалық деректерін әдейі өзгерткен. Мемлекеттік шекара бұзушы келген жағына қайтарылды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама