«Кей сүннеттер педофилияны ашық насихаттайды» - Құран аудармашысы
Қазақстан мешіттерінде еш кедергісіз жас қыздарды үлкендермен некелестірген жағдайлар болған
Құран аудармашысы, публицист Серік Рысжанов Арманжан Байтасовтың Youtube арнасына берген сұхбатында қазір айтылып жүрген сүннеттердің көпшілігін адамдардың түсінбейтінін жеткізді. Оның айтуынша, кей сүннеттер педофилияны ашық насихаттап жүр.
Мысал ретінде ол Мұхаммед пайғамбардың жары Айша туралы сүннетті атап өтті.
«Бұл сүннет барша мұсылман әлемінде қабылданған «Сахих әл-Бухариде» де, өзге де дереккөздерде бар. Айшаның айтуынша, ол Мұхаммед пайғамбарға 6 жасында тұрмысқа шыққан. Ал 9 жасынан бастап жыныстық қатынасқа түсе бастаған. Яғни дәл осы сүннеттер педофилияны ашық насихаттайды», – деді Серік Рысжанов.
Оның айтуынша, қазір қыздар 12 жаста кәмелетке толады деп айтылып жүр. Ал Қазақстан мешіттерінде еш кедергісіз жас қыздарды үлкендермен некелестірген жағдайлар болған.
Біздің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Әбу Ханифа мазхабы мұның тым шектен шыққандығын түсінеді. Қазір қыздар 12 жастан кейін кәмелетке толады деп айтылып жүр. Дәл осы себепті мұсылмандар қыздарға 12 жастан бастап орамал тағуды міндеттейді. Сондықтан Қазақстан мешіттерінде еш кедергісіз жас қыздарды үлкендермен некелестірген жағдайлар болған. Бұл – біздің заңға қайшы, – деді публицист.
Сондай-ақ ол Құранда қыздарға етеккірі басталған соң және ақыл тоқтатқаннан кейін ғана тұрмысқа шығуға рұқсат берілетіні жазылғанын ескертті.
«Енді 14 жаста қыз ақыл тоқтата ма, ақылы толыға ма? Әрине, жоқ. Қыз өсіп, белгілі білім алған соң ғана ақылы толығады, ақыл тоқтатады. Біздің жағдайымызда мектеп бітіріп, 18 жасқа толған қыз ненің жақсы, ненің жаман екенін ажыратады. Ал біздің мүфтият орта ғасырдағы ережелерді ұстанады», – деді Серік Рысжанов.