Астанада өрт екі күнде өшірілді

Дәурен Ерболат

Бүгін сағат таңғы 05.55-те Талдыкөл маңында тілсіз жау толығымен сөндірілді

фото: ашық дереккөз

20 маусым күні сағат 15.03-те «101» пультіне Есіл ауданының Қорғалжын тас жолының бойында қураған шөптің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер Талдыкөлдің маңында қамыс пен қураған шөптің жанып жатқанын анықтаған. Астананың өрт сөндірушілері тілсіз жауды екі тәулікте ғана өшіре алды.

Өртке министрліктің МИ-8 тікұшағымен 27 рет су шашылды (81 тонна).

Кеше сағат 18.53-те өрт ауыздықталып, бүгін сағат таңғы 05.55-те толығымен сөндірілді. Өрттің шығуының себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге 86 адам мен 14 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ.