Тимур Құлыбаевтың компаниясы «ҚазАзот» акцияларын сатты
Қазақстан қор биржасында «ҚазАзот» АҚ жай акцияларының саудасы өтті
2021 жылғы 10 желтоқсанда «КазАзот» АҚ жай акцияларын сатып алу бойынша арнайы мамандырылған сауда-саттық ұйымдастырылды. Белсенді өтінімдердің көлемі 85 000 жай акцияны құрады. Ұсынылған өтінімдер бойынша орташа өлшемді баға 788 858,82 теңге болды.
Сауда-саттық нәтижесінде акционерлік қоғамның жай акцияларының 85%-ын «Kazakhstan Petrochemicals» ЖШС сатып алды. Ал 15%-ы бұрынғы иесі – Бахаридин Аблазимовта қалды. «Joint Resources» АҚ (100% Тимур Құлыбаевқа тиесілі), Дінмухамед Ыдырысов және Ержан Достыбаев өз акцияларын осылайша сатты, – дейді «КазАзот» АҚ .
Сонымен қатар өткен жылғы желтоқсанның соңында «КазАзот» АҚ директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Жаңа құрамға сайланғандар: Б.Н.Аблазимов - директорлар кеңесінің мүшесі, директорлар кеңесінің төрағасы; Р.Р. Аязбаев - директорлар кеңесінің мүшесі; К.О.Исказиев - директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор; К.Н.Ибрашев - директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор; А.А.Мәулешев - директорлар кеңесінің мүшесі. Енгізілген өзгерістерді ескергенде, «КазАзот» АҚ директорлар кеңесі бес адамнан тұрады.
Бүгін Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҰКП төрағасы қызметінен кеткен болатын. Экономист «Құлыбаев активтерінің 99 пайызын қайырымдылыққа беретініне сенімдімін» деген пікір білдірген еді.
Тимур Құлыбаев – Нұсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Назарбаеваның күйеуі.
Құлыбаев әлі күнге дейін Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, Kazenergy қауымдастығының төрағасы, «Газпром» ЖАҚ директорлар кеңесінің мүшесі және тәуелсіз директоры, Қазақстан бокс федерациясының құрметті президенті.
Forbes Kazakhstan-ның ең беделді 50 бизнесменнің алғашқы рейтингі 2011 жылғы қазанда жарық көрді. Он жылдың ішінде ол тізімге 90-ға жуық бизнесмен енді. Бұл тізімде Тимур Құлыбаев пен Болат Өтемұратов алма-кезек көш бастап келеді. Олар үздік ондықтан түскен емес.
Құлыбаев жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге «Алмэкс» холдинг тобы» АҚ-на ие, холдинг арқылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дағы мажоритарлық үлестің иесі. Топ Қазақстанда, Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстан мен Грузияда жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақстанда Халық Банкіне «Altyn Bank» АҚ-ның 40%-ы тиесілі.
Тимур Құлыбаев – «Кипрос» ЖШС-ның негізгі иесі. «Кипрос» тобы құрылымына «Viled Group» ЖШС, «Emdeu Group» ЖШС, «iQ Solutions» ЖШС, «PetroRetail» ЖШС (ҚМГ жанармай құю бекеттері желісі), Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент пен Дубайдағы жалпы аумағы 800 мың шаршы метрден астам коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын «Mercury Properties» ЖШС, және де «Қамқор» компаниялар тобы – «Қамқор Менеджмент» ЖШС, «Қамқор Локомотив», «Теміржол-энерго» және т.б. кіреді.