×

Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҰКП төрағасы қызметінен кетті

Тимур Құлыбаев – Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Назарбаеваның күйеуі

 Халық үні 17.01.2022 | 09:26
фото: Димаш Досанов, Тимур Құлыбаев, Қайрат Шәріпбаев

Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиум мүшелеріне үндеу жасап, қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Құрметті әріптестер! Бүгіннен бастап мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігін доғаруды ұйғардым. Маған сенім білдіргені үшін съезд делегаттары мен төралқа мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын басқару мен үшін сегіз жыл бойы үлкен құрмет пен жауапкершілік болды, - делінген үндеуде.

Тимур Құлыбаевтың айтуынша, 2022 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысы өз сөзінде «Атамекен» мен бизнес-қоғамдастық үшін басым бағыттарды белгіледі. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу, импортқа тәуелділікті төмендету, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету және т. б. бойынша кешенді шараларды іске асыру қажет.

Мемлекет басшысының осы тапсырмаларының барлығы ҰКП-ның сөзсіз басымдығында болады. Біз өз жұмысымызда сайланған құрылымдардың кері байланысы мен мүшелеріміздің алдында есеп беруіне әрқашан назар аудардық. 2020 жылы тиісті өңірлердегі кәсіпкерлердің барлық өңірлік кеңестеріне сайлау өткізілді. Аккредиттелген қауымдастықтар Төралқаның салалық комитеттерін құрады және төрағаларды сайлайды. Ашықтық, есептілік және тиімді кері байланыс цифрлық негізде «Атамекен» ҰКП бүкіл жүйесі жұмысының негізгі қағидаттары болатынына сенімдімін. Сіздерге тағы да бірлескен жұмыс үшін ризашылығымды білдіремін және отандық кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі міндеттерді орындауда алдағы уақытта да табыс тілеймін. Құрметпен, Тимур Құлыбаев, - делінген үндеуде.

Бұған дейін QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен «ҚазТрансОйл» компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов та қызметтен кетті.  

Ашық дереккөздерде Қайрат Шәріпбаевтың Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі екені, ал Димаш Досановтың - Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі екені айтылады. Ал, Тимур Құлыбаев – Н.Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Назарбаеваның күйеуі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама