Целиноград ауданында шенеуніктер 17 млн теңге жымқырған

Динара Амантай

Жемқорлар әлеуметтік осал топтардың ақшасын иемденген

Фото: standard.kz

Ақмола облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Целиноград ауданының «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры мен басқа да тұлғалардың ақшалай қаражатты жымқырғандығын әшкереледі. Бұл туралы Агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық іс бойынша айыпталушылар Орталықтың қызмет алушыларын хабардар етпей және олардың келісімінсіз нотариаттық сенімхаттарды пайдалана отырып олардың ақшалай қаражатын иемденген. Сонымен қатар, тергеу бұл мекемеге 2019-2021 жылдар аралығында іс жүзінде жұмыс істемеген тұлғаларды ресми түрде қызметке тіркеп, оларға жалақы және басқа төлемдер ретінде ақша аударылғанын анықтады. Бюджет қаражатын ұрлаудан келтірілген залал көлемі 17 миллион теңгеден астам соманы құрады. Қылмыстық іс сотта, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қылмыстық іс шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Оның ұсынымдары сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою бойынша пәрменді шаралар қабылдау туралы ұсынысқа енгізілді (ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен).