×

Атыраудағы футбол матчы алдында жаға жыртысқан 28 адамға айыппұл салынды

Бұл жаппай төбелес 19 маусым күні Атырау қаласындағы «Мұнайшы» спорт кешенінде болған

 Айнұр Асылбекқызы 20.06.2022 | 23:00
Фото: видеодан скриншот

20 маусымда Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында «Атырау»-«Ақтөбе» футбол командалары арасындағы матч басталар алдында төбелес шығарған 28 адамға қатысты 28 іс қаралды.

Сотта анықталғандай, бұл жаппай төбелес 19 маусым күні Атырау қаласындағы «Мұнайшы» спорт кешенінде болған. Матч басталар алдында олар төбелесіп, айналасындағы адамдарды сыйламай, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған. Олардың үшеуі атыраулық болса, қалғандары ақтөбеліктер.

Сот әкімшілік жаза қолдану барысында олардың жауаптылығын ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді. Ал кінәларын мойындауын, отбасылық жағдайларын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасағанын олардың жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. 

Төбелеске қатысқандарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылған. Сот қаулысымен екі тұлғаға қатысты 15 315 теңгеден, ал қалған 26 тұлғаға 10 721 теңгеден айыппұл салынды.

Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ.

Біз бұған дейін Атырауда болған футбол ойынында жанкүйерлердің жаға жыртысқанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама