×

Қарағанды облысында ересек көршілері 11 жастағы ұлды есінен танғанша ұрып-соққан

Мұрны сынған, сол жақ көзі соғылып, миы шайқалған

 Еркеғали Болатұлы 15.06.2022 | 14:36
фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысының Шет ауданының тұрғыны 26 мамыр күні көршілері үйіне баса-көктеп кіріп, 11 жастағы ұлын соққыға жыққанын айтады. Ауыр соққылардың салдарынан баланың мұрны сынып, миы шайқалып, есінен танып қалған.

Stan.kz тілшісіне мән-жайды баяндаған зардап шегушінің анасы болған оқиғадан кейін полицияға арыз түсіргенмен, кінәлілердің әлі бостандықта жүргенін айтқан.

Бастапқыда 30 жастағы көршісі «інімді соққыға жықты» деп егіз ұлдардың бірін шапалақпен ұрған. Ал оның анасы 11 жастағы егіздерді әбден балағаттаған.

«Балалар қорыққандықтан қарындастарын ертіп, үйге келген.

Кейін көршім және оның анасы, мас болған әкесі есікті темірмен бұзып, баса-көктеп кірген. Бұл кезде талма дертіне шалдыққан ұлым үйде отырған. 30 жастағы көршім ұлымның аузы мен мұрын тұсынан жұдырықпен ұрған.

Осы сәтте ұлымның есінен танып қалғанына қарамастан, ер адамның анасы жұлқылап, жуынатын бөлмеге алып барыпты. Қанын жумақшы болған, бірақ қан тоқтамай қойған соң сол жерге тастап, шығып кеткен», – дейді әйел.

Ол уақытта оның өзі де, күйеуі де жұмыста болыпты. Ұлы есін жиған соң анасына қоңырау шалып, көршісінің ұрып кеткенін айтқан.

«Үйге келе жатқанда алдымнан екінші ұлым мен қызым шықты. Үйге келген соң жуынатын бөлме мен қабырғаға қан шашырағанын көрдім. Дереу дәрігер мен учаскелік полиция шақырдым. Полицей барлығын өз көзімен көрді, видеоға түсіріп алды», – дейді ол.

Әйелдің айтуынша, полиция сот-медициналық сараптама тағайындаған. Ал ұлы қазір ауруханада ем қабылдап жатыр екен.

Мұрны сынған, сол жақ көзі соғылған, миы шайқалған. Мұрнын түзету үшін ота жасалды. Дегенмен баламды осындай жағдайға жеткізгендер әлі бостандықта жүр, – деп ашынды жәбір көрген баланың анасы.

Аталған жағдайға қатысты пікір білдірген Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл деректің тіркелгенін мәлімдеді.

«Жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», – делінген полиция хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама