Тоқаев алтын мен валютаға қатысты жарлығын өзгертті

Дастан Жұмабекұлы

Қаулыға толықтырулар енгізілді

фото: kazaknews.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағынан алтын мен шетел валютасын әкетуге қатысты жарлығына толықтыру енгізді.

Бұл туралы баспасөз беттерінде жарияланды.

Қаулыда: «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі әкету күніне белгілеген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын; Ұлттық банкі шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50 және 100 грамм алтын құймаларын және алтыннан жасалған «ALTYN BARYS» және күмістен жасалған «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталарын, аффинирленген алтынның 100 граммнан астамын шекарадан шығаруға салынған тыйым мыналарға қолданылмайды:

1) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің операцияларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің құрылымына кіретін ұйымдардың операцияларына;

2) Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан əкелінген жəне қайта өңдеу шарттары туралы құжат жəне мемлекеттік бақылау актісі негізінде «кері экспорт» кедендік рəсімімен мəлімделетін шетелдік шикізатты қайта өңдеуден кейін алынған аффинирленген алтынды əкетуге;

3) Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттің алыс-беріс шикізатын қайта өңдегеннен кейін алынған аффинирленген алтынды сол Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттің аумағына аффинирленген алтынды кейіннен əкете отырып (қайта өңдеу шарттары туралы қорытынды негізінде) əкетуге;

4) екінші деңгейдегі банктердің шетелдік банкпен жасасқан тиісті шарты негізінде жүзеге асырылатын төлемдік емес жəне (немесе) айналысқа жарамсыз қолма-қол шетел валютасын əкетуіне;

5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекелеген актілерінде айқындалатын өзге де жағдайларға қолданылмайды деп белгіленсін», - делінген.

Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

14 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы қаулыға қол қойған еді.