Қайғылы жағдай Жітіқара қаласында болған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қостанай облысындағы 5 баланың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістегі Үкімет сағатынан соң министрге «Жітіқарада 5 бала көз жұмды. Сіз оқиға орнына неге бармадыңыз?» деген сұрақ қойылды.
Светлана Жақыпова оқиғаның мән-жайын қызметкерінен біліп отырғанын жеткізді.
Үйдегі үлкен ұлдың айтуынша, қайғылы оқиға таңғы сағат 4:30 шамасында басталған. Ол таңғы сағат 5-те көршілерден көмек сұраған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде үйдің шатыры құлады. Таңғы сағат 6-да мен Алматыға жұмыс сапарымен ұшып кеттім. Оқиға орнына департамент директоры барды. Ол басынан аяғына дейін сонда болды. Жерлеу рәсіміне де қатысты. Отбасыға тиісті қолдау шарасы көрсетілді, - деді министр.
Ведомство басшысы қара жамылған отбасының әлеуметтік жағдай төмен болғанын растады.
«Иә, отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың қатарында болған. Сондай-ақ отбасында фамилиясы әртүрлі балалар тәрбиеленген. Әйел 2 рет некеде болған. Бірінші некеден – 3 бала, екінші некеден – 3 бала. Ең кенже бала – 1 жаста. Мамырда әйел көпбалалы ана атанып, «Күміс алқа» медалімен марапатталған», - деді Светлана Жақыпова.
Министр ана тиісті көмекті алып отырғанын жеткізді.
Бірінші күйеуімен ол ресми түрде ажырасқан. Биыл жазда 320-330 мың теңге көлемінде алименттік төлем алған. 2 тоқсан бойы оған 290 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Бұл мәліметті департамент директоры арқылы алдым. Сондай-ақ ол жергілікті дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеген, - деді ол.
Светлана Жақыпованың айтуынша, қайғылы оқиға болған күні көпбалалы ана Қостанайға кеткен. Қалаға неге барғаны айтылмады.
Сол түні әйел қалаға кеткен. Не үшін кеткені тергеу аясында айтылмай отыр. Оның неге кеткенін мен де білмеймін. Сол күні кешкі сағат 7-де үйге 1995 жылы туған жігіт келіп, от жаққан. Содан кейін кетіп қалған. Балалар тоңып қалмауы үшін анасы оны жіберген болуы керек, - деді министр.
Бұған дейін Қостанай облысында үй өртеніп, 5 бала қаза тапқаны хабарланды.