Екібастұз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары президенттен көмек сұрап отыр
Апта басында Екібастұз қалалық соты жемқорлық жасады деген айыппен Екібастұз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Ахметов және оның қол астында жұмыс істеген қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары болған А.Садықов пен сол бөлімнің бас маманы ретінде қызмет атқарған К.Тусупбековке қатысты үкім шығарған болатын. Б.Ахметов сегіз жылға, ал оның қарамағындағылар жеті және алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі шыққаннан кейін Б.Ахметовтың жұбайы әлеуметтік желіге жолдасының видео үндеуін жариялады. Онда экс-шенеунік кінәсіз екенін айтады. Ол қылмыстық іс бойынша мойнына артылған қаражатты өз керегіне емес, қала басшылығының тапсырмасы бойынша облыстық, республикалық деңгейдегі лауазым иелерін қарсы алуға жұмсағанын айтады.
«Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жобасын жасау жұмыстары қолға алынды. Сол-ақ екен, былтыр қаламызға әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің ресми және бейресми сапарлары көбейіп кетті. Екібастұз қаласының басшылығы оларды қарсы алуды маған тапсырып отырды. Ресми кездесулер, нысандарды аралаудан бөлек, мұндай шенділерге жоғары деңгейде қонақжайлық таныту қажет. Олардың түскі, кешкі тамақтары, демалыстарын ұйымдастырып, сыйлықтарын беру қажет. Онымен қоса, ол шенділердің қарамағындағыларды да тиісті деңгейде күтіп жіберу қажет. Ал олар басшыларынан 2-3 күн бұрын келеді. Осылайша, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында мен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Бақтыбайұлын, сол кездегі премьер-министр Асқар Маминді, Дариға Назарбаеваны (депутат – авт.), бірнеше министрді делегацияларымен қоса қарсы алу жұмыстарымен айналыстым. Олардың іссапарының уақытын маған қатысты қозғалған қылмыстық істің құжаттарындағы деректермен салыстыруға болады. Мұндай шығындар қала бюджетінде қарастырылмаған. Бұл – қомақты шығын. Екібастұз қаласының әкімі мұны білді», - дейді Бауыржан Ахметов.
Сот үкіміне жүгінсек, мынадай деректерді көруге болады. Б.Ахметовке жәбірленуші кәсіпкер 17 бөтелке су, 5 литр шырын, «Finlandia» маркалы үш шөлмек арақ алғызған. Оны кәсіпкер жергілікті супермаркеттердің бірінен шамамен 19 мың теңгеге сатып алып, шенеунік айтқан мейрамханаға жеткізіп берген. Қылмыстық іс құжаттарында мұндай тағы бірнеше дерек көрсетілген.
Экс-шенеуніктің үндеуінен кейін жергілікті әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екі екіге бөлінді. Бір тарап «қылмыстың аты қылмыс, қандай мақсатқа болмасын қаражат алғаны рас болса, кінәлілер жазалануы тиіс» десе, екінші бұның тек Б.Ахметовке қатысты мәселе емес, мемлекеттік қызметте мұндай келеңсіздіктердің көп екенін, басшылардың тапсырмасын орындау барысында кейбір шенділердің опық жеп жататынын айтып отыр.
Мәселен, екібастұздық ақын, ардагер журналист Жассерік Жәлелұлы қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты өткен сот отырыстарына қатысып, біршама келеңсіздіктердің куәсі болғанын айтады.
«Әкімдік отырысында Екібастұз қаласының әкімі жұмыс сапарымен келген лауазым иелерін күтіп алуды ұйымдастыруды Б.Ахметовке тапсырған. Мұны сот процесінде сол жиынға қатысқан әкімдік қызметкерлері растады. Бірақ ол ескерілмеді. Жалпы, өткен жылы жаз бойы Екібастұзға облыстан, республикадан жоғары лауазымды шенділер көп келгені шындық. Оларға шаһардың үздік мейрамханаларында дастархан жайылып отырды. Оның шығынан көтеру үшін Б.Ахметов әкімдікке бірнеше кәсіпкерді жинап, көмек көрсетуді сұрағаны рас. Негізі пара сұралса, сырт көзден таса жерде сұралмаушы ма еді? Кәсіпкерлер көмектеседі. Әр жолы дастарханға керек-жарағын сатып алып береді. Сот барысында кәсіпкерлер сатып алған дүниелерінің түбіртектерін де ұсынды. Яғни, айыпталушылар қаражатты бас пайдасына жаратпаған. Сондықтан бұл істе көп түсініспеушілік бар. Ең бастысы, елімізде көп шенді «қонақ күтемін» деп опық жеп жатқанын білемін. Бұл сорақылықты қою керек», - дейді Ж.Жәлелұлы.
Айыптаушы тарап күдіктінің кінәсі толығымен дәлелденді деп есептейді. Ал Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың бұл оқиғадан кейін қызметінен кететіні, я кетпейтіні белгісіз. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес қарамағындағы мемлекеттік қызметкерлер жемқорлық фактісі бойынша жазаға тартылса, бірінші басшысы қызметін босатуға тиіс.
Екібастұздық экс-шенеуніктерге қатысты сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.