Қазақстанға шетелден сирек кездесетін жануарлар әкелінді
Қазір жабайы жануарлардың санын көбейту бойынша іс-шаралар жүріп жатыр
Экология және табиғи ресурстар министрлігі жартыжылдық жұмысын қорытындылады. Ведомство экологияны қадағалау, қоршаған ортаны қорғау мен биоалуантүрлілікті сақтау бойынше есеп берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрлік биоалуантүрлілік саласындағы жаңа бастамалар және жобалар жайлы толық ақпарат берді.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага хайуанаттар бағы арасындағы меморандум аясында 2024 жылғы 4 маусымда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына 7 Пржевальский жылқысы (Керқұлан, Кертағы) қайта жерсіндірілді. 2029 жылға дейін барлығы 40 жабайы жануарды әкелу жоспарланып отыр, - деп қосты Экология министрлігі.
Бұған қоса Үкіметтің мәліметінше, «Қазақстанда жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасын» іске асыру жалғасып жатыр. 2018-2023 жылдар аралығында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына 205 Бұхар бұғысы және 60 құлан әкелінді. Қазіргі уақытта жабайы жануарлардың санын көбейту бойынша биотехникалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін елімізге Пржевальский жабайы жылқыларының әкелінгені жайлы жазған едік. Сондай-ақ, маусымда елге 8 керқұлан жеткізілген болатын.