Шетелдерден жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Олар мемлекетке 1,5 млрд теңгеден астам залал келтірген
Шетелдерден жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық топ 2021 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында жүйелі негізде материалдық сыйақы үшін Павлодар облысында 150-ден астам жүк көлігін бастапқы тіркеуге заңсыз қойып отырған.
Олар алғашқы тіркеу үшін алым төленгені туралы жалған түбіртектерді пайдаланып, ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізген. Осының салдарынан мемлекетке 1,5 млрд теңгеден астам залал келтірілді.
Соттың санкциясымен барлық заңсыз тіркелген көліктерге тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты «қамауда ұстау» және «үй қамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шаралары таңдалды, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.