Halyq Uni логотип
×

Заңгер Айман Асанованың бұрынғы күйеуі 10 млн теңге өтемақы төлейтін болды

Марқұмның бауыры 50 млн теңге талап еткен

 Ербол Тұрымбет 11.07.2024 | 17:39
Заңгер Айман Асанованың бұрынғы күйеуі 10 млн теңге өтемақы төлейтін болды
Фото: polisia.kz

Бұрынғы күйеуінің қолынан ажал құшқан заңгер Айман Асанованың бауыры сотқа жүгініп, сотталушыдан 50 млн теңге өндіруді сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Азамат Алматының №2 Алмалы аудандық сотына жүгінген.

Қайтыс болған әйелдің бауыры қойған талабында қарындасының өлімі оған және барлық жақынына ауыр қайғы-қасірет әкелгенін көрсеткен. Әжесі мен әкесі уайым-қайғының салдарынан қайтыс болғанын айтқан. Ол отбасына келтірілген моральдық зиянды 50 млн теңгеге бағалады.

Алайда сотталушы Талғат Нұртаевтың өкілі қойылған талапты мойындамай, әйелдің өліміне кінәлі адамға қылмысы үшін жаза қолданылғанын, яғни оның 11 жылға бас бостандығынан айырылғанын және ондай қаражаты жоқ екенін алға тартқан.

Сот қойылған талапты ішінара қанағаттандырған. Парасаттылық пен әділдік талаптарын басшылыққа алып, талап қоюшының пайдасына моральдық шығын ретінде 10 млн теңге өндірілген.

Айта кетейік, заңгер Айман Асановамен Талғат Нұртаев 2019 жылы отбасы құрып, 3 жыл некеден соң ұрыс-керістің жиілеуінен ажырасқан. Артынан ортақ мүлікті бөлу мәселесінде кикілжің туып, Талғат Нұртаев 42 жастағы Айман Асановаға 18 жерінен пышақ сұққан. Әйел ауруханада қайтыс болды.

Бастапқыда сот Талғат Нұртаевты 1,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл шешім қоғамда үлкен дау тудырды. Жазаның тым жеңіл екенін айтып марқұмның жақындары да қарсы шыққан. Ақыры Нұртаев экс-әйелін қасақана өлтіргені дәлелденіп, 1,5 жыл жазасы 11 жылға ұзартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама